Қазақстан ТЖ экс-министріне үкім шығарылды

0

Ақмола гарнизонының әскери соты Төтенше жағдайлар жөніндегі бұрынғы бірінші вице-министр Ибрагим Күлшімбаевқа қатысты үкімді жариялады. Бұл туралы агенттікте өткен брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді.

Күлшімбаев қарамағындағыларды жеке үйін салуға мәжбүрлеп, сол арқылы өз өкілеттіктерін асыра пайдаланған.

«Ол өзінің жеке үйін салу үшін әскери қызметшілер мен арнайы техниканы тарту туралы ТЖМ ведомстволық бағынысты мекемелерінің басшылығына заңсыз нұсқаулар беру арқылы билікті асыра пайдаланғаны үшін кінәлі деп танылды», – деп түсіндірді агенттік.

Ол бес жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ Күлшімбаевқа мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынады.

Сондай-ақ, сот Күлшімбаевты генерал-майор атағынан айыру туралы Президенттің атына ұсыныс енгізуге қаулы етті.