Париж-2024: Дзюдошыларымыз жарысты екі медальмен аяқтады
Париж олимпиадасының жетінші жарыс күнінде бозкілемге шыққан Камила Берліқаш жарысты бастапқы кезеңде аяқтады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бүгін Париж татамиінде дзюдошылар жекелей сындағы соңғы белдесулерін өткізіп жатыр. Жарыстың жетінші күнінде сынға түскен Камила Берліқаш алғашқы кезеңнен аса алмады. Аса ауыр салмақта сынға түскен отандасымыз моңғолиялық Адиясурен Амарсайханмен белдесіп, үш рет ескерту алуына байланысты жеңіліске ұшырады. Нәтижесінде, моңғол балуаны келесі айналымға өтті. Осылайша жекелей сындағы қазақстандық дзюдошылар бәсекесі аяқталды. Енді Қазақстан құрамасы аралас командалық сында өнер көрсетеді.
Айта кетейік, әзірше Қазақстан құрамасында бір алтын, екі қола медаль бар. Нысана көздеуден Александра Ле аралас жұптық сайыста Ислам Сатпаевпен бірге Париж олимпиадасының қола жүлдесін жеңіп алса, дзюдошы Елдос Сметов алтыннан алқа тағып, Ғұсман Қырғызбаев қола жүлдегер атанған еді.