Апелляция анасына берген екі қызды Жоғарғы сот әкесінің қамқорлығында қалдырды

0

Жоғарғы сотта ажырасқан ерлі-зайыптылардың екі баланы бөлісу дауы қаралды.

Ерлі-зайыптылар 8 жыл некеде тұрып, ажырасқан. Ажырасу кезінде сот олардың кәмелетке толмаған екі қызын (5 және 9 жасар) әкесімен бірге тұрады деп шешті.

Анасынан әкесінің пайдасына оларды асырап-бағуға — олар кәмелетке толғанға дейін ай сайын жалақысының және өзге де табысының 1/3 бөлігі, яғни алимент өндіріп алынды.

Апелляция бұл шешімді өзгертті: балаларды анасына қалдырып, оның пайдасына әкесінен алимент өндірді. Қыздардың әкесі бұл шешімге кассацияда қарсылық білдірді.

Жоғарғы соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы істі зерделеді.

Бірінші сатыдағы сот балалардың әкесімен тұрғаны жөн деп тауып, анасының ата-ана міндеттерінен өз бетінше шеттетілгенін атап өтті. Балаларды асырау мен тәрбиелеу ауыртпалығын олардың әкесі көтерген.

Апелляция ата-ана міндетінен жалтару кінәсін растайтын құжаттардың жоқтығын, сондай-ақ балалардың жасын, жынысын және олардың ана қамқорлығына мұқтаждығын ескере отырып, балалардың анасымен тұрғаны жөн деп тапқан.

Жоғарғы сот 1989 жылғы БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясы балаларға қатысты бүкіл іс-қимылда бірінші кезекте олардың мүддесін неғұрлым жақсы қамтамасыз етуге назар аударуды міндеттейтінін атап өтіп, апелляция ұстанымымен келіскен жоқ.

«Жоғарғы сот алқасы балалардың анасымен бірге тұруы олардың мүддесіне қайшы келетінін атап өтті. Әйелдің спирттік ішімдік ішуінен отбасында жанжал болады, балаларға күтім мен қамқорлық жасалмайды. Бұған куәгерлердің айғақтары куә. Бірінші сатыдағы сот қыздардың туғаннан әкесімен бірге тұратынын ескерді, бұл — олар үшін үйреншікті жағдай. Сот шешімі заңды күшіне енгеннен кейін анасы қыздарын өзіне алған жоқ, олар әлі күнге дейін әкесімен бірге тұрады» дейді Жоғарғы соттан.

Бұл ретте анасы оларға бармаған, жалпы мектептік іс-шараларға және ата-аналар жиналысына қатыспаған, қыздардың өміріне араласуға құлшыныс танытпаған.

Әкесінің үйінде балаларға салауатты даму үшін барлық жағдай жасалған. Қыздармен қалыптасқан өзара қарым-қатынастың сипаты олардың әкесіне деген сүйіспеншілігін айғақтайды.

Жоғарғы сот балалардың әкесімен тұрғанын жөн деп тауып, апелляциялық сот актісінің күшін жойды.