Алматының Медеу ауданының белсенді тұрғындары марапатталды
Тәуелсіздік күні қарсаныңда Алматының Медеу ауданының белсенді тұрғындары құрмет грамоталарымен марапатталды.
Оқушылар сарайында ҚР Тәуелсіздігі күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концерт Алматы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Салтанатты шараға Медеу ауданының әкімі Жылқыбаев Ержан, желтоқсаншылар, мемлекеттік қызметкерлер және аудан тұрғындары қатысты.
«Мәслихат депутаттары мен қала әкімінің қолдауымен біздің ауданда көптеген жақсы өзгерістер болды. Атап айтсақ, ауданымыздың жолдарын жөндеуге, саябақтарды көркейтуге 7-8 млн теңге бағытталды. «Думан» ықшам ауданындағы, Мендіқұлов көшесінің алдындағы саябақтар мен мешіттердің алды ретке келтірілетін болады. Одан бөлек, Достық, Төле би, Әйтеке би көшелерін жарықтандыру қолға алынады. Сонымен қатар, алдағы үш жылда 57 жекеменшік балабақша ашылады деп күтілуде», — деді Ержан Жылқыбаев.
Концертті «Жігіттер» тобы «Біз — Отанның ұланымыз» атты әнімен ашты. Айта кетейік, шара барысында аталмыш топтың мүшесі Бағлан Әбдірайымов те Медеу ауданының марапатына ие болды.
«Барлық мерекелердің арасында мен үшін ең маңызды, ең сүйіктісі — Тәуелсіздік күні. Мереке қарсаныңда құрмет грамотасын алғаныма өте қуаныштымын»,- деді әнші.