«Атырау мұнай өңдеу зауытының» экс-басшысына қатысты тергеу аяқталды – Қаржы мониторинг агенттігі
Қаржы мониторинг агенттігі «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бұрынғы бас директоры Мұрат Досмұратовқа қатысты қылмыстық істің аяқталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мұрат Досмұратов 2022-2023 жылдар аралығында компания қаражатынан ақшаны негізсіз бөліп, жалпы сомасы 1,9 млрд теңгеге технологиялық жабдықты жөндеу бойынша тиісті шарт жасасты деген күдікке ілінген. Осылайша мемлекетке аса ірі залал келтірді деп айыпталды.
Ведомствоның мәліметінше, тергеу қызметтік өкілеттіктерін қызмет мүдделеріне қайшы пайдалану дерегі бойынша жүргізілді. Күдікті қазір үйқамақта.
“Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіндегі өзге де ақпарат жария етілмейді. Конституцияның 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық процестік кодекстің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі”, – деп ескертті Қаржы мониторинг агенттігі.