Италия мен Испания «Астана Опера» труппасының гастролін қарсы алмақ
Жаңа жылдық мереке кезінде «Астана Опера» балет труппасы Италия мен Испанияда қазақстандық өнерді паш етпек. Елордалық театр әртістері ұлы опера әншісі Пласидо Домингоның шақыртуымен София патшайымның Өнер сарайында (Валенсия, Испания) алғаш рет өнер көрсеткелі отыр. Еуропалық турне 20 желтоқсаннан бастап 13 қаңтар аралығында жалғаспақ. Шетелдік көрермен назарына П.И.Чайковскийдің жауһар туындылары – жаңа жылдық «Щелкунчик» балеті мен классикалық өнердің асқақ үлгісі – «Аққу көлі» ұсынылады.
Гастроль «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.
Қазақстандық труппаны ең алғаш болып қарсы алатын «Карло Феличе» (Генуя) театры, желтоқсанның 20-23 күндері аралығында итальяндық сахнада П.Чайковскийдің «Щелкунчик» ертегісінің жаңа жылдық сюжеті орын алмақ. Бұған қоса, екі спектакль бір күнде, 21 желтоқсанда (сағ. 15:30-да және 20:00-де) және 22 желтоқсанда (сағ. 15:30-да және 20:00-де) өтеді.
Өнерсүйер қауым аты аңызға айналған КСРО Халық әртісі Юрий Григоровичтің қойылымындағы дүние жүзінде сұранысқа ие әрі сүйікті балеттердің бірін тамашалайды. Балетмейстер ертегіні нағыз бақыттың қол жетпестігі туралы философиялық ой-толғауға, жанның кемелденуі, махаббатты алдын ала сезіну жайлы поэтикалық хикаяға айналдырды. Бас кейіпкер, онымен бірге көрермендер де, қуыршақ Шелкунчиктің күлкілі бейнесінің ар жағында батыл жүрек жатқандығын аңғарады, ал кейіпкердің ойыншыққа деген махаббаты мен аяушылық сезімі оның Ханзадамен қауышуына әкеледі. Алайда, тек түсінде ғана…
Испаниядағы София патшайымның Өнер сарайы (Валенсия, Испания) сахнасында көрерменге Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратованың қойылымындағы П.И.Чайковскийдің ең танымал «Аққу көлі» балеті ұсынылады. Спектакльдер 29-30 желтоқсан, 2019 жылдың 2, 3, 4, 5 қаңтар күндері орын алады.
«Астана Опера» балет труппасы көркемдік жетекшісінің айтуынша, спектакльге кейбір өзгерістер енгізілді, дегенмен Л.Иванов пен М.Петипаның бастапқы қойылымы сақталды. Жалпы алғанда, Қазақстанның балет өнері қазіргі кезде әлемде үлкен қызығушылық тудырып келеді, танымал сахналар балет труппасын өнер көрсетуге шақыруда.
— Сөз жоқ, бәріміз толқу үстіндеміз, алдымызда үлкен міндет тұр – көрермендер ерекше қуат алатындай етіп, шаттық сыйлауымыз керек, сондықтан бар күшімізді салатын боламыз, — деп атап өтті Алтынай Асылмұратова.
Әлемдік музыка классикасының жауһары – «Аққу көлі» балетін композитор 1875 жылы жазған. Айрықша танымалдылық «Аққу көлін» академиялық балет өнерінің символына айналдырды.
Турне Генуя қаласындағы өнер көрсетумен өз мәресіне жетеді, мұнда қала тұрғындары мен қонақтары П.Чайковскийдің «Аққу көлі» балетін – 11 қаңтар күні сағат 15.30-да және 20:00-де, 12 қаңтарда сағат 15:30-да және 20:00-де, 13 қаңтар күні сағат 15:30-да тамашалай алады.
Италия мен Испанияда балет труппасы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов пен «Астана Операның» дарынды дирижері Арман Оразғалиевтың жетекшілігімен жоғарыда аталған театрлардың оркестрі және хорымен бірлесе өнер көрсететін болады.
Дереккөз: https://massaget.kz/