Араб шейхтары о дүние туралы ойланбайды да

0

Біздің қоғамды ақсатып тұрған нәрсе — ізденістің жоқтығы мен білімсіздік. Бұлай деуімізге себеп — қолында тұрған телефонның интернеті арқылы қазір әлемнің түкпір-түкпірінен қызықты ақпараттар алуға, көруге болады. Алайда біздікілер еріне ме, жоқ әлде ақыл-білімі жетпей ме, белгілі бір шектеуден әріге аспай өмір сүруде.

«О дүниесін» емес, қазіргі өмірін сүріп жатқандар

Таяуда ғана Democrat.kz. Ақпараттық порталында “Балаңа мал жинама” атты мақала жарияладық. Ол жерде жұртшылық уағызын сүйіп тыңдайтын Нұрсұлтан қожаның “сенің жиған малыңды балаң жаман нәрсеге жұмсаса, о дүниеде азабын тартасың” деген түсінікті тыңдаушыларының санасына сыналай енгізіп жатқанын байқауға болады.

Жалпы, біздегі Исламның діни уағыз айтушыларының басым бөлігі “дүниеге қызықпа, бұл өміріңді емес, о дүниеңді ойла, бар керемет о дүниеде” деген сұрықсыз түсінікті қарапайым халықтың басына барынша құяды. Дәл сіз сияқты мұсылман, сіз сияқты Ислам дінінің өкілі саналатын адамдардың басқа елде шалқып-тасып өмір сүріп жатқанынан хабарыңыз бар ма?

Әрине, бұл мақалаға қатысты да санасында саңлауы жоқ кейбіреулер “өтірік, Исламның жауы бұлар” деп пікір жазары сөзсіз. Алайда біз ешқандай діннің жауы емеспіз. Мақсатымыз — әлдебір діннің өкілі болып та осы өмірді керемет етіп сүруге болатынын жұртқа жеткізу.

Көлігінің нөмірі — 9 млн доллар тұрады

Сонымен бұл жолғы кейіпкеріміз — Біріккен Араб Әмірлігіне қарайтын  Дубай қаласында тұратын, әлмисақтан бері мұсылман саналатын азаматтары мен Дубайдың шенеуніктері, шейхтары.

Суретте кәсіпкер Радж.

Валбиндер Радж Сани (суретте), кәсіпкер,Дубайдың ең ірі миллиардерінің бірі. Салыстырмалы түрде айтайық, оның  көлігінің “5” деген нөмірінің өзі  — 9 млн доллар тұрады.

“Дубай — болашақтың қаласы. Соңғы 30 жылда әлемді таңырқатқан Дубай алдағы 30 жылда озық технологиясымен көш бастайды деп сенемін. Себебі бұл жақта әлемнің ең ақылды, ең білімді  адамдары бар күшін салып жұмыс істеуде.

Дубай шейхы Мұхамед ерекше білімді адам көрсе, міндетті түрде бар жағдайын жасап, Дубайға әкелуге тырысады. Басқа мемлекет басшыларынан оның ерекшелігі де — осы. Заманға сай білімі бар адамдарды жоғары бағалайды.

Дубай демократиялы ел емес, алайда бұл елді өте ақылды әмір билеп отыр. Әмірдің басты мақсаты — мұнайдан түскен ақшаның пайдасын халық бүгін көруге тиіс. Бұл өмірде бар бүкіл ғажайыптарды Дубай халқы қазір көруі керек. Міне, әмірдің осы мақсатының арқасында бұл жерде өмірінің ғажайып күндерін сүріп жатқандар аз емес ”,- дейді.

Бақыт министрлігі бар елді білесіз бе?

Үш қабатты зәулім сарайда тұратын Ахмад Бин Тани (суретте) Дубай экономикалық дамыту департаментінің төрағасы: “Дубай шейхы Мұхаммед тек болашаққа жоспар жасайды.

Ең азы 15-20 жылға арналған жоспарларын бекітіп қойған. Бізде Бақыт министрлігі бар. Бұл министрлікті құрудағы мақсат — әрбір адамды бақытты болуға баулу. Шейх бақытты адам ғана әлемде керемет дүниелер жасайды дейді.

Ал бақыттың кілті — ең бірінші сапалы білімде. Мұнан бөлек, бізде балаларға ең сапалы, ең мықты, соңғы технологиямен берілетін білімге өте үлкен назар аударылады.

Себебі — білімсіз үлкен жетістікке жету мүмкін емес. Мен саяхаттауды сүйемін. Әр екі ай сайын міндетті түрде бір елге саяхаттап қайтамын. Әлемді танығым келеді”,- дейді.

Жұрттың бәрі мұсылман болуы шарт емес қой!?   

Астында ең соңғы үлгідегі “Ferrari» көлігі бар Фахад Али (суретте) ІТ маманы, бүкіл Дубай цифрлық жүйесін дамытушы: “Маған Дубай шейхы осы жерді цифрлық әлемнің орталығы жасауды жүктеді. Біз Дубайды супер заманауи үлгіде дамытуды мақсат етіп отырмыз.

Дубайдың қазіргі жағдайы — бұл елдің әлі қалай дамып, әлемді аузына қарататынын көрсетеді. Сырт көз Дубайды мұсылман өлке, тыйымдары көп дейді. Ал шындығында бізде діни демократия дамыған.

Мысалы, менің достарымның бәрі сырттан келген, басқа ұлт, басқа діннің өкілдері. Олардың ұлты мен діні мені қызықтырмайды. Жұрттың бәрі мұсылман болуы шарт емес қой!? Маңыздысы — олардың адамгершілігі мен білімі. Ал сауатсыздық пен білімсіздік адамды өсірмейді.

Дубайдағы бүкіл жүйе — үлкен бір отбасы сияқты

Ертегі әлеміндегідей үйі бар Ахмад Бин Хешам Альхашеми (суретте) шейх әулетінің бір мүшесі. “Біздің бизнесіміз негізінен — жануарлар мен экологияны қорғау саласында.Жалпы, Дубайдағы бүкіл саяси, әлеуметтік, экономикалық жүйе — үлкен бір отбасы сияқты.

Әр адам отбасы үшін қызмет етеді ғой? Міне, сондай жүйе бізде де қалыптасқан. Бізде Дубай әмірінің өзі айтатын “мақсатың жүзеге аспай қалудан қорықпа” деген ұстаным бар. “Бұл болмай қалды” деп тауың шағылмауы керек.

Жалпы, мен спортты сүйемін. Күрес өнері, суда жүзу — өмірімнің мәні. Қазір де қолым қалт еткенде міндетті түрде суда жүзіп, спортпен айналысамын»,- деген шейх терең білімімен Дубайдың дамуына үлес қосу басты мақсаты екенін айтады.

Байқасаңыздар, дубайлық шенді-шекпенділердің ешбірі “тозақта жану”, “жұмаққа бару” сияқты бір ауыз сөз айтпады. Бәрінің айтқаны — барынша білім алу, іздену, жаңалық ашу және ғажайып өмірді қазір осы өмірде сүру керек дегенге саяды.

Білім алып, сауат ашу — технология тілін меңгеру, шет тілдерді оқып, үйрену, кәсіппен айналысып, иен байлыққа қол жеткізу, бала-шағаңа бақытты балалық шақ сыйлап, олардың ізіңді жалғастыруына жағдай жасауды арабтың ақылды мұсылмандары әлдеқашан түсінген. “Ризығын Алла береді” деп қол қусырып отырған ешкім жоқ. Неге?

Мақаланы орыс тілінен аударып дайындаған:

Қанат ДАСТАН, Democrat.kz.

Фотолар видеодан скринделіп алынды.

Мақала  Павел Гительманның Ютубтағы видеосы негізінде қысқартылып жазылды. Павелдің арнасындағы видеодан басқа да қызықты деректерді қарап шықсаңыз болады.