«Әділдік және өркендеу» қоры кеншілердің зейнет жасын төмендету туралы петицияға қосылды

0

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры «Казуглепроф» көміршілер кәсіподағының кеншілердің зейнет жасын төмендету туралы бастамасына қолдау білдірді деп хабарлайды kznews.kz. сайты қоғамдық қордың ақпаратына сілтеме жасап. 

Петицияны қолдайтындар Үкіметтен кеншілердің зейнет жасын 50-ге дейін төмендету мәселесін қарастыруды сұрайды. Құжатта «көмір кенішіндегі зиянды өндірістік факторлардың жұмысшылардың денсаулығына тигізетін кері әсері жазылған.

Ұзақ уақыт бойы мұндай жағдайда еңбек ету жұмысшыларда ауыр дерттің пайда болуына әкеп соғатыны ерекше атап өтіледі. Жасы елуден асқан кеншілердің көбі түрлі ауруға шалдыққан.

Қазба жасалатын кенжар мен кен орнындағы еңбек жағдайын білетіндер қатты шаң, газбен ластанған, қолайсыз температура мен басқа да экстремалды фактор бар жерде алпыс жастағы адамның ауыр жұмысты атқаруы қиын екенін түсінеді.

Елде тіркелген кәсіптік аурулардың негізгі үлесі – көмір өнеркәсібі қызметкерлері шалдыққан дерттер. 1998 жылы  жеңілдетілген зейнетақы жүйесі тоқтатылды. Содан бері 2-3 онжылдықта жер астында жұмыс істейтін кеншілер денсаулығына зиян болса да, жұмысын жалғастыруға мәжбүр.

Дәл сол себепті кенші мамандығының беделі де жойылып кетсе керек. Еске салсақ,  2006 және 2017 жылдары «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің шахталарында болған еңбек жанжалдары кезінде кеншілер қойған негізгі талаптың бірі – зейнет жасын төмендету болған еді».

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, «Казуглепроф» көмір өндірушілердің өнеркәсіптік кәсіподақ ұйымы Сізден заңнамаға жер астында  жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы төлемдерінің лайықты деңгейін қамтамасыз ете отырып, зейнет жасын 50 жасқа дейін төмендетуге қатысты өзгерістер енгізуді сұрайды.

Қазіргі уақытта кеншілердің зейнетке тек 55 жастан бастап қана шығу мүмкіндігі бар екенін еске саламыз.

Петицияны әзірлеуді «Казуглепроф» көміршілер салалық кәсіподағының жетекшісі Марат Мирғаязов көтерді.

М.Мирғаязов – Қазақстандағы беделді кәсіподақ қызметкері, ол жылдар бойы кеншілердің құқығын қорғап келеді. Ол басқаратын ұйым «Әділдік және өркендеу» қоғамдық қорының серіктесі.

«Әділдік және өркендеу» қоғамдық қоры Қазақстанның өңірлеріндегі барлық жанашыр азаматтарды петицияны қолдауға шақырады

https://epetition.kz/petition/742b851a-ec1d-4ddc-ae1e-e04bf392d16a?commentPage=0

Сондай-ақ біз көміршілер кәсіподағына құқықтық және ұйымдастыру жағынан қолдау көрсетуге, қажет болған жағдайда оның билік пен жұмыс берушілер арасындағы көпірі болуға дайынбыз.

Біздің Қордың мақсаты – еңбек адамының құқықтарын қорғау және әлеуметтік әділеттілікті орнату. Кеншілермен ниетіміз бір және біз көміршілердің еңбек жағдайын жақсарту және әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру үшін барлық заңды құралдармен күресуге дайынбыз.

Біз барлық жанашыр қазақстандықты осы бастаманы қолдауға шақырамыз. Біздің қатарымызға қосылыңыз – әділ Қазақстан үшін, еңбек адамының құқығы үшін бірге күресейік!

Фото ашық дереккөзден алынды.