«Қаңтар оқиғасына дейін органдар Сатыбалдыға қатысты арызды қабылдамады»: Сатыбалдыға қатысты сотта куәгердің сөзіне екі айыпталушы шүйлікті

0

Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысында жәбірленуші Абай Жүнісовтың күйеу баласы Қайдар Батырбеков сөйледі. Ол «СП Казгерстрой» ЖШС-да 2019 жылға дейін директор болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Сот процесі туралы қысқаша

Айта кетеік, бұл сот процесінде экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелі Гүлмира Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша құқық бұзушылық жасады деген айып тағылып отыр. Гүлмира Сатыбалдының бұрынғы күйеу баласы Абай Жүнісов оның нұсқауымен 2019 жылдың 13 ақпанынан шілдесіне дейін алты ай бойы өз еркінен тыс үйқамақта ұсталғанын айтып, сотқа жүгінген. Сонымен қатар ол Қайрат Сатыбалдының бұрынғы әйелін олардың ортақ бизнесі – Baur Kazakhstan АҚ активтерін тартып алды деп айыптап отыр. Сот процесі 3 маусымда басталды және әлі жалғасып жатыр.

  1. Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.
  2. Онымен бірге оның қол астында жұмыс істеген Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.

Бүгінгі отырыста не айтылды?

Бүгінгі сот отырысында «СП Казгерстрой» ЖШС-да 2019 жылға дейін директор болған, жәбірленуші Абай Жүнісовтың күйеу баласы Қайдар Батырбеков сөйледі. Ол Абай Жүнісовтың өз еркінен тыс үйқамақта отырғанын айтты.

“Ол қамауда өз еркімен отырған жоқ. Адамның түр-түсінен жағдайы қандай екені көрінеді. Мен Абайға барғанда ол әбіржіп кеткен, сақалы, шашы өсіп кеткен болып тұрды. Еңсесі түсіп кетті. Мен ылғи оған барғанда ол бір жауап айтатын: мен ақша ұрлаған жоқпын, беретін мүлкім жоқ дейтін. Оған ақшаны, мүлікті қайтарсын деп айтатын. Ал мен барып сұрап, «ақшам жоқ, мүлкім жоқ» деп отыр деп келетінмін. Сол кезде Гүлмира Сатыбалды онда туыстарының мүлкін берсін дейтін”, – деді Батырбеков.

Сонымен қатар куәгер Қаңтар оқиғасына дейін Сатыбалдылар отбасына қарсы арыздарды ешқандай орган қарамағанын айтты.

“Ешқандай шара қолданылмады. Қаңтар оқиғасына дейін ештеңе жасалмады, тек қаңтардан соң іс тіркеле бастады. Ешқандай орган Сатыбалдыға қатысты арыздарды алмады, қарамады. Себебі өзімнің атымнан бірнеше рет арыз жазған едім. Тек қаңтардан соң сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен менің арызым қабылданғаны туралы хабарланды”, – деді ол.

Қайдар Батырбеков 2019 жылы қаңтарда Гүлмираның айтуымен жұмыстан шығарылған. Сол кезде талап бойынша Baur Kazakhstan-дағы қарызды оған жазбақ болған.

“Мұның бәрі бізді осы қарыздармен қалдыру үшін жасалған. Baur Development group банкке қарыздар болды. Соның бір бөліктерін бізге жазбақ болды. Кейін маған қарыздың 0,5%-ы жазылғаны, ал қалған 99,5%-ы Абай Жүнісовке жазылғаны анықталды. 2019 жылы жұмыстан шығарда, 2 ақпанда қол қойдым. Компанияның мөрлерін, ЭЦҚ-ларын – бәрін тапсырдық. Сол кезде компания шотында 12 миллиард ақша болған. Ол кезде мені ештеңеге айыптаған жоқ. Ол кезде маған 3,5 миллиард тенге жазылғаны туралы айып болған, кейін ол сома 5 млрдқа ұлғайтылды. Бұл істі қайта саралаудың себебі, қылмыстық істі қайта қарады, 13 наурызда мені негізсіз қамады, себебін сұрағанда “басшылықтан осындай тапсырма түсті” деді. 6-рет сот отырысы болғанда істі тоқтатты. Мен жақтан ешқандай ұрлық, ақша алу болмады. Бірақ компаниялардан анығын сұрағанда сот отырысы кезінде аудиторлық компания өкілі есебінен бас тартылды. Басқа компанияларға қатысты іс тоқтатылғаны туралы айтылғанда Кәкішев “бізге ақша керек емес” деді”, – деп жауап берді Қайдар Батырбеков.

Гүлмира Сатыбалды неге наразы?

Осы кезде айыпталушы Гүлмира Сатыбалды куәгердің жауабына шүйлікті.

“Мен наразымын, мен олай айтқан жоқпын. Ақша керек емес деп кім айтты? Құрметті, судья, ол шатастырып жатыр”, – деді Г.Сатыбалды.

Бұл істе куәгер Батырбековтың үстінен 2020 жылдың қыркүйегінде қылмыстық іс қозғалған. Батырбеков тергеу мен сот процесі жүріп жатқанда қамауға алынған. Өзінің айтуынша, 2 жыл жазасын өтеген. 2024 жылғы 24 сәуірде сот оны Қылмыстық кодекстің 250-бабының 1-бөлігімен («Қызмет бабын асыра пайдалану») кінәлі деп танып, қылмыстың мерзімі өтуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатқан.

Мәди Батыршаев куәгер Батырбековтың сөзін бөлді

Бүгінгі сотта Гүлмира Сатыбалдының адвокаттары мен жауап берген Қайдар Батырбеков сөзге келіп қалды. Сонымен қатар екінші айыпталушы Мәди Батыршаев та Батырбековтың жауаптарына шүйлікті.

Мәди Батыршаев: Толық емес, нақты емес, сен дұрыстап, анықтап түсіндіріп айтсайшы? Не жетіспеді? Айтсайшы?

Куәгер Батырбеков: Сен неге маған сен деп сөйлейсің?

Мәди Батыршаев: Енді дұрыстап айтсайшы анықтап?

Адвокат: Батыршаевтың атынан қандай қоқан-лоқы болды?

Куәгер Батырбеков: Гүлмира Абайды көміп тастаймыз дегендей айтты. Жүнісовке психикалық қоқан-лоқы көрсетілді, aизикалық күш көрсетеміз деп қорқытты, сосын ол өз еркінен тыс көлікке отырды.

Мәди Батыршаев: Құрметті судья, дұрыстап жауап берсінші мынау! Былай қағазға қарап, бізге сыйластық көрсетіп тұрған жоқ.

Сот отырысының соңында Сатыбалдының адвокаты Әсемгүл Даниялова судьядан Батырбековтың бұрын қозғалған қылмыстық ісіндегі аудит нәтижесін осы іске қосуды сұрады. Даниялованың бұл өтінішіне жәбірленушінің адвокаты Рашид Теңізбаев қарсы болды. Дегенмен судья айыпталушы тараптың өтінішін қанағаттандырды.

Айта кетейік, өткен сот отырысында Baur Kazakhstan компаниясында заңгер болып жұмыс істеген Дінмұхамед Жұмаділда жәбірленуші тараптың сұрақтарына жауап берген еді.