Қытаймен байланыс барлық саланың дамуына мүмкіндік береді — Аман Мамбеталиев

0

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға сапары, сондай-ақ оның Астанадағы Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) саммитіне қатысуына байланысты политолог Аман Мамбеталиев өз пікірін білдірді.

Политолог бұл ҚХР Төрағасының бесінші рет келіп отырғанын алға тартып, екі ел арасындағы байланыстың нығая түскенін жеткізді.

“Дәл қазіргі уақытта қос мемлекеттің арасындағы қарым-қатынас тендециясы жақсы қарқын алуда. Әр саладағы байланысымыз біздегі мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жағдай жасап жатыр. Әр қолға алынған жоба — соның дәлелі. Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы геосаяси жағдай бойынша дүниежүзіндегі транспорттық логистиканың жақсы жағына қарай өзгеруіне жағдай жасады. Бұл бірнеше салаларға да осылай оң әсерін берді. Егер Қазақстанды Орталық Азияның “есігі” десек, Қытайдан импортталған өнімдердің барлығы бізге сапалы әрі жедел жеткізілуде. Бұл әрекеттер экономикалық даму мен уақыт үнемдеуге мүмкіндік берді.
Даму жылдамдығына келсек, жыл басының өзінде Қазақстан өнімдеріне сұраныс арттырып отырған серіктес мемлекеттердің бірі де осы Қытай Халық Республикасы. Бұл елдің инвестициясынан да пайда көп. Қазақстандағы бірнеше Қытай өнеркәсібі азаматтарымызды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Логистиканың өзінен бізге жақсы табыс әкелуде. Көпжақты бағыттағы байланысымыздан келетін пайда да жыл сайын екі есе өсуде.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қазақ басылымына берген сұхбатына назар аударсақ, Қазақстан да Қытай үшін өте маңызды. Пандемия аяқталғаннан кейін бірінші байланыс орнатқан мемлекеті — біз. Билікке келгелі Қытай басшысы бізге бесінші рет іс-сапармен келіп отыр. Бізде осы жолы ол үш күн аялдамақ. Қытай протоколы бойынша бұл өте сирек болатын жағдай деуге болады. Қандай үлкен мемлекет болса да, ең көп дегенде 1,5-2 күнмен ғана шектелетін. Оның өзі екі ел арасындағы сенімділікке толы серіктестіктің дәлелі деп білемін. Қытайдың қазіргі геосаяси факторы бойынша, “Бір жол — бір белдеу” жобасының өзі екі елдің үлкен жетістігі”, — деді Аман Мамбеталиев.