Головкин рингке қайта орала ма

0

Бір кездері қазақстандықтардың таң ұйқысын «ұрлаған» Геннадий Головкин былғары қолғабын қайта киіп, шаршы алаңда айқасқа шығуы мүмкін екенін жасырмады.

Бүгінде ҰОК президенті қызметін атқарып жүрген даңқты отандасымыз Геннадий Головкин Boxingscene.com басылымына берген сұхбатында бокспен қош айтыспағанын алға тартты.

«Бокстан кететінім туралы ешқашан айтқан емеспін. Бәріне уақыт төреші. Қазір менің алдымда үлкен мақсат тұр. Бастысы, атқарып жатқан жұмысым өзіме ұнайды. Спорт, қимыл-қозғалыс, жаттығу менің өмірімнің мәніне айналған. Егер біреу мені шаршы алаңға шақырып, ол ұсынысы көңілден шықса, оны қабылдауға дайынмын. Сондықтан алда GGG-дің қатысуыммен өтетін жекпе-жектің куәсі болуларыңыз әбден мүмкін, — деді Геннадий Головкин.

Айта кетейік, әлемге әйгілі кәсіпқой боксшы соңғы рет шаршы алаңға 2022 жылдың күзінде шығып, төрешілердің ортақ шешімімен мексикалық Сауль Альвареске есе жіберген болатын.

Естеріңізге салсақ, бұған дейін Геннадий Головкин Олимпиада боксындағы күрделі мәселені айтып берген еді.