Заң жазалау үшін емес, ең алдымен, құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін маңызды — Президент

0

Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ өкілдерімен кездесуде жақында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тосқауыл болатын арнайы заң күшіне енгенін тілге тиек етті.  

«Бұл – өте қажетті құжат. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – баршаңызға айқын. Еліміздегі әрбір шаңырақ қазақ отбасының үлгісіне айналуы керек. Әрине, қабылданған заң барлық қатерді бірден жойып жібермейді. Бұл – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Заң жазалау үшін емес, ең алдымен, құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін маңызды. Оған бүкіл қоғам болып атсалысу қажет. Осы жолда ақпарат өкілдерінің рөлі ерекше», — деді ол.

Мемлекет басшысы ең қауіпті әлеуметтік кеселдің бірі – лудомания екенін айтты. Құмар ойынға тәуелділік көптеген азаматты орға жығып, қарызға белшесінен батырғанын, отбасының шырқын бұзатынын, қылмысқа, суицидке итермелейтінін сөз етті.

«Интернет дамыған сайын лудомания проблемасы ушыға түсті және нағыз әлеуметтік індетке айнала бастады. Бұл ұлтымыздың болашағына қатер төндіреді. Сондықтан Мемлекет басшысы ретінде мен осы қауіпті құбылыспен күресу үшін бірқатар пәрменді шаралар қабылдадым. Былтыр күзде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы отырысы өтті. Жуырда менің тапсырмаммен Үкімет Заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Сонымен қатар тиісті заң жобасын тез арада қабылдау жөнінде бұған дейін бірнеше рет айтқан едім. Ал бүгін Сенат лудоманияға қарсы заң жобасын қарайды. Егер мақұлданса, көп ұзатпай мен оған қол қоямын. Аталған Заңның күшіне енуі азаматтарымызды, ең алдымен, өскелең ұрпақты осы зиянды әлеуметтік дерттен сақтауға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Орайлы сәтті пайдалана отырып, мәселеге бей-жай қарамай, заң жобасын жедел әрі сапалы әзірлегені үшін Мәжіліс пен Сенат депутаттарына алғыс айтқым келеді», — деді Президент.