Атырау облысында бұрынғы әйелін ұрып-соқты деп айыпталған экс-әкім сотталды

0
Жәбірленушінің берген айғақтары мен сараптама қорытындысынан сотталушының кінәсі дәлелденді.

Бұрынғы әйелін ұрып-соқты деп айыпталған Мақат ауданының экс-әкімі Ринат Ибрагимов сотталды. Атырау қаласының 2 сотында денсаулыққа қасақана орташа зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды KYN.KZ ақпарат агенттігі.

Өткен жылы 31 мамырда Атырау қаласында ерлі-зайыптылардың арасында жанжал туған. Нәтижесінде, Үмбетқалиева Ақмарал омыртқасының сынуы түрінде орташа ауырлықтағы зақым алған. Экс-әкім оның денсаулығына қасақана зиян келтіру мақсатында еденге құлатып, сол жақ санын бірнеше рет тепкілеген.

Жәбірленушінің берген айғақтары мен сараптама қорытындысымен сотталушының кінәсі дәлелденді.

Қылмыс жасалған кезде қолданыста болған ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігі 3-тармағының санкциясы 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салу немесе түзеу жұмыстары түріндегі жазаны сол мөлшерде, не 800 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.

Сот үкімімен Ринат Ибрагимовті 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның бұрын сотты болмағаны мен мінезі оң сипатта болғаны ескертілді. Айыпталушы жәбірленуші Үмбетқалиеваның пайдасына 2 млн теңге моральдық зиянды өтейтін болды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

фото: ашықдереккөз