«Сыйлыққа берілген»: Төтенше жағдайлар министрі 2 миллион теңге тұратын сағаты туралы сұраққа жауап берді

0

18 маусымда министрлер кабинетінде өткен брифингте төтенше жағдайлар министрлігі басшысына журналистер оның қолындағы сағаттың құны қанша деп сұрады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Брифинг кезінде ведомство басшысы Шыңғыс Әрінов еліміздегі су тасқыны уақытында құтқарушылар қанша жалақы алғанын атап өтті. Осы сәтте БАҚ өкілдері қызметкердің сырт келбеті туралы министрге сұрақ қойды.

“Құтқарушы, әсіресе, погон таққандар ұқыпты киініп жүруі керек деген талап бар екенін жасырмаймын. Құтқарушының сыртқы келбеті ұқыпты болуы керек. Негізінен талап осындай. Оған қырыну, тарану, формасын таза ұстау кіреді. Мұндай талап болды, өйткені біз басшылық және жергілікті басшылық ретінде гигиена мен жер-жердегі қызметін қалыпты атқаруы қажет жағдайларды ұйымдастырдық”, – деп жауап берді Әрінов.

Журналистер төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтың сағаты құтқарушылар айтқандай шынымен екі миллион теңге тұра ма деген сұрақ қойды.

“Өз ақшаңа форма сатып алу жөніндегі талапқа келсек, мұндай талап жоқ. Қызметкерлерімізді толықтай қамтамасыз етіп отырмыз. Әттеген-айы, соншалық сапалы болмаса да, қамтамасыз етіп отырмыз. Ал екі миллион тұратын сағатқа келер болсақ, бұл да асыра айту (…) Екі миллион тұрмайтыны анық. Қанша тұратынын мүлдем білмеймін, бұл маған сыйға тартылған кәдімгі сағат”, – деп жауап берді министр Шыңғыс Әрінов.

Еске салайық, бұған дейін отандық шоу-бизнес өкілі, актриса, продюсер Баян Алагөзованың бір күндік образын блогер Жансая Махабаева есептеп көргенін жазған едік. Танымал актриса тек әлемдік брендтен ғана киінетінін жасырмай айтып жүр. Сағаты Cartier брендінен – 23 миллион 350 мың теңге. Сақинасы Bulgari брендінің Serpenti топтамасынан, 3 рет оралған жылан пішінінде, толық гауһар тастармен көмкерілген – 9 миллион теңге.