Аймағамбетов ҰБТ-да Қабатовтың қызының орнына басқа адам кіргені қалай анықталғанын айтты
Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Ulysmedia.kz порталына берген сұхбатында өзі министр кезінде ҰБТ жүйесін қалай өзгерткенін айтып берді.
Қандай еді – қалай өзгерді
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, ҰБТ қағаз жүзінде болғанда тәуекел көп болған. Оны анықтау да қиынға түскен. Мектептердің, университеттердің жертөлесінде отыратын бункерлер болып, сол жақтан телефон арқылы ҰБТ тапсырушыларға көмектескендер кездескен.
– Бірақ ең үлкен тәуекелдер қандай еді? Мәселен, түлек парақшасына ойына келгенін бояй салады да, береді. Оны содан кейін жинап алып, сканнан өткізгенде басқа парақты өткізе салуға мүмкіндік бар. Кім біледі? Өйткені оған қолыңды қоймайсың. Ешқандай мөр жоқ. Сондай да тәуекел болды. Ол түк те жазбайды. Алдын ала боялып қойған тәуекелдер көп болды. Сол қағаз жүзінде өткен ҰБТ-ның нәтижесін қолынан ұстап алу, анықтау, тәуекелдерді көруге тіпті мүмкіндік болмады. Кім не істеп жүргенін біз білдік, – дейді ол.
Face ID болмағанда…
Аймағамбетовтың есіне осы кезде әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың қызының орнына басқа адам кірген факт түсірді.
– Ол кейсте Дидар Смағұлов («Әділдік жолы» РҚБ атқарушы директоры – авт.) болды, мен болдым. Оны біз анықтадық. Ол қайдан шықты? Біріншіден, жүйеге кіре алмады, екіншіден, оны тез анықтауға мүмкіндік болды. Егер ескі жүйе болғанда, Face ID болмағанда қалай болатынын кім біледі!? Бұрын жеке куәлігіңді қарап өткізе беретін. Қазір жеке куәлік жеткіліксіз. Жүйеге қосылған түріңді анықтайтын құрылғы бар. Содан да өтуің керек. Егер сенің мемлекеттік жүйеде сақталған фотоңмен бірдей болмаса, онда ол көрсетеді. Онда жеке куәлігің шын емес екені расталып, ары қарай соған байланысты көп факті тіркелді, – дейді ол.
Аймағамбетов енді компьютерлік форматта ақаулардың бәрі де алақандағыдай көрінетінін айтады. Өйткені не істеймін десең де, оның ізі қалады. IОсы жүйені енгізген бірінші жылы осындай 500 азамат анықталып, олардың емтиханын жойылған.
Тұрсынбек Қабатовтың қызының кейсі
2021 жылғы ҰБТ-да тест тапсыру залына Тұрсынбек Қабатовтың қызының орнына бөтен біреуді кіргізіп, жалған құжат жасаған репетиторға қатысты сот үкімі шықты. Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының №2 аудандық сотында «Центр образования 140+1» ЖК басшысы Қанай Нұрбек Жұмаханұлына құжаттарды қолдан жасау фактісі бойынша айып тағылған еді. Нұрбек Қанайдың сот бір жылға бас бостандығын шектеген.