Қорғаныс министрлігі жастарды әскерге көшеден күштеп әкетуге қатысты мәлімдеме жасады
Қорғаныс министрлігінің әскерге шақыру жасындағы азаматтарға қатысты рейдтер жүргізу жөнінде мәлімдеме жасады. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жастарды еріксіз ұстап алып, жергілікті әскери басқару органдарына жеткізіп жатқан түсірілген видеолар тараған еді. Осы орайда министрлік әскерге шақыру науқандары барысында кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтарып, жергілікті әскери басқару органдарына уақтылы келмеу фактілері байқалғанын айтады.
“Сонымен қатар әскерге шақыру жасындағы азаматтарды есепке алуда да қиындықтар туындайды. Өйткені олардың көпшілігі тіркелген жерінде тұрмайды. Ал қоныс аударған жағдайда жаңа тұрғылықты мекенжайына тіркелмейді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес шақыру қағазын әскерге шақырылушының жеке өзіне тапсыру мүмкін болмаған кезде оның келуін қамтамасыз ету ішкі істер органдарына жүктеледі”, – делінген хабарламада.
Министрлік мәліметінше рейд кезінде ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, қарсылық көрсетсе, полиция қызметкерлері оларды мәжбүрлі түрде ұстап, шақыру пунктіне жеткізуді жүзеге асыруға құқылы екен.
“Шақыру комиссиясы жеткізілген адамдардың мәртебесін сол жерде анықтайды. Мерзімді әскери қызметке шақыруға негіз болмаған жағдайда оларды үйіне жібереді. Ал шақыруға негіз болса, медициналық комиссиядан өтуге және шақыру шеңберіндегі басқа да іс-шараларды өткізуге жібереді. Естеріңізге сала кетейік, мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін заңнамада әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осының негізінде азаматтардан қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауды және жалған ақпаратты таратпауды сұраймыз”, – деп түсіндірді министрлік өкілдері.