Ресейде ұсталған қазақстандықтарды Украинаға соғысқа жіберіп жатыр: Министрлік мәлімдеме жасады

0

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ресейде ұсталған қазақстандық есірткі сатушылар Украинаға соғысуға жіберілді деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Министрлік өкілі Ресейде тергеуде жатқан отандастарымыз бар екенін растады.

“Ресей Федерациясында тергеуде жатқан біздің азаматтардың Украинадағы соғыс қимылдарына әкетіліп жатқаны туралы сұрақ қойылды. Мен оны тағы да жоққа шығарғым келеді. Өткен брифингте де бұл туралы айттым, біздің бірде-бір азамат өз еркінен тыс соғыс қимылдарына қатысқан жоқ және қатыспайды. Бірнеше азаматымыздың әлеуметтік желілер арқылы, атап айтқанда, Telegram арналары арқылы есірткі тасымалдау бойынша жұмыс тапқаны туралы фактілер тіркелді», – деді Айбек Смадияров.

Олар ұсталып, қазір тергеу амалдары жүргізілуде.

“Біз бұл азаматтардың туыстарымен байланыстамыз, бірақ атап өткім келеді, бірнеше журналист бұл тақырыпты арнайы алға тартып, өздеріне не хайп не атақ-даңқ жинауға тырысып жатыр, қандай да бір себептермен осы 5-6 адам ақпаратта 50-60 адамға айналды. Сондықтан бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын толық жауапкершілікпен мәлімдеймін. Осы 5-6 фактінің барлығы біздің бақылауымызда», – деді министрлік өкілі.