Тоқаев қасіретті оқиғалардан тағылым алу керектігін айтты

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында арнайы жазба жариялады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

«Біз жыл сайын 31 мамыр күні өткен ғасырдағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз.

Мемлекетіміз қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін объективті әрі тыңғылықты зерделеу жұмыстарына баса мән беріп отыр.

Біз өткен замандағы қасіретті оқиғалардан тағылым алып, оны ұлт жадында сақтай білуіміз керек. Сонда ғана кез келген сынақтан сүрінбей өтіп, әділетті мемлекет және өркениетті қоғам құру жолындағы биік белестерді бағындыра аламыз, – деп жазды Президент.

Айта кетейік, 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Иосиф Сталин басқарған жылдары қазақ халқының зиялы қауымы халық жауы болып жарияланып, қысымға, қуғын-сүргінге, қанды қырғынға ұшырады. Осы саясаттың аясында 100 мыңнан астам адам жер аударылып, 25 мыңнан астам адам өлім жазасына кесілген еді.

Әлем әдебиетінде «Үлкен террор» атанған КСРО-дағы қуғын-сүргін кезеңін Қазақстанда да ұмыту мүмкін емес. 1993 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заң қабылданды.

Ал 1997 жылды тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев Жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ  31 мамырды – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады.

Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы.