«Өлсеңіз, топырақ салуға келмеймін»: Әнші Айгүл Иманбаева әкесінің жерлеуіне жете алмай қалғанын айтты
Қазақстан ұлттық арнасының «1001 түн» бағдарламасында белгілі әнші Айгүл Иманбаева шетелде оқып жүріп, әкесін жерлеу рәсіміне жете алмай қалғанын айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Әкем маған шын жүрегімен батасын беріп кетті. Ол мен үшін өте маңызды еді. Сол бата арқылы бүкіл өмірімнің кілті ашылғандай болды. Осы жасымнан кейінгі өмірімнің кілті әкемнің қолында болғандай. Әкем алдағы жолымның барлық есігін ашып кеткендей болды. Және өзінің миссиясы аяқталғаннан кейін өмірден кете берді»,-деп ағынан жарылды Айгүл Иманбаева.
Айтуынша әкесінің миссиясы шынымен аяқталған.
«Мен енді оны қазір түсініп отырмын. Ал дәл сол сәтте маған өте ауыр тиді. Біріншіден менің өз сөзім өзіме келіп тиді. Мен әкеммен табыспай тұрғанда қатты ұрсысып, балалық ренішпен «Өлсеңіз, топырақ салуға келмеймін» дегенмін. Сол сөзімді Құдай қабыл етті ме, мен шынымен әкемнің жерлеуіне жете алмай қалдым. Себебі шетелде жүрып, Англияның мәдениетімен танысу үшін шенген визасына құжат тапсырып қойғанмын. Құжаттарым Францияда. Дәл сол сәтте туысқандарым жан-жақтан хабарласып әкемнің қайтыс болғаны туралы суық хабарды жеткізіп жатты. Әкемнің екінші әйелінен туған қызы – сіңілім Райхан да хабарласты. Келейін десем, құжатым жоқ, амалсыз жете алмадым. Қалай құжатым қолыма тиді бірден ұштым. Әкемнің жеті күндігіне ғана үлгердім», — дейді әнші.
Әншінің әкесі бауыр рагынан қайтыс болған. Ауруханада жатып комадан бір оянып, қайтадан жүріп кеткен.
«Бірақ ауруханаға жатар алдында бір күн бұрын мамамның үйіне келіп қоныпты. Екеуі таңға дейін отырып шай ішкен, әңгімелескен, бір-бірінен кешірім сұраған. Мамам да бар дәмдісін алдына қойып, таңертең дәрі-дәрмегіне ақша беріп шығарып салыпты»,-дейді өнер жұлдызы.
Әнші ата-анасының 40 жыл бойы екі жақта жүріп, әкесінің дүниеден өтер алдында бірін-бірі кешіріп үлгергенін айтты.
«Кешірімнің құдіреті керемет екен. Әкем қайтқан соң, анам ауырып жатып қалды. Ең бастысы – бәріміз бір-бірімізді кешірдік. Сондай сезімді бастан өткердік. Және әкемнің батасын алып қалдым. Бір батасымен менің бүкіл жолымды ашып кетті. Екеуіміз алғаш табысқан кезде маған «Менің енді өлсем де арманым жоқ» деген еді»,-деді әнші.
Әкесі соңғы кездесуінде екінші әйелінен туған қызы Райханды туыстарымен табыстырып үлгергеніне қуанғанын білдірген.
«Менің түйгенім – адам баласының арманы біткен күні өмірден өте береді екен. Сол себепті сөзге ие болу керек екен»,-деді сөз соңында әнші.