«Димаштан да асып түсетін»: Иманбаева мықты шәкірттер тәрбиелей алатынын айтты

0

Иманбаева Лондонда шәкірт тәрбиелеу үшін көп нәрсе үйренгенін атап өтті. Әнші, актриса Айгүл Иманбаева жақында ғана өзі білім алып келген Лондон қаласы жайлы сөз қозғап, алған білімімен шәкірт тәрбиелеуді жалғастыратынын айтты. Ол қазақта Димаш Құдайберген секілді көптеген жас талант бар, оларды көпшілік алдына шығару керек деген пікірде, деп жазады Kyn.kz.

Бұл туралы өнер иесі «Qazaqstan» телеарнасынан шығатын «1001 түн» бағдарламасына берген сұхбатында баяндады.  Лондон қаласында білім алып келген өнер иесі өзінің шетелден үйренгендерін тәжірибеде қолданатынын, әсіресе, шәкірт тәрбиелеу үшін көп нәрсе үйренгенін атап өтті.

«Менің өзімнің АИ академиям бар, АИ театрым бар, мемлекеттік университетте АИ шеберханам бар. Мен жасайтын жұмыс көп. Сол себепті де қазір мен жиып-теріп әкелген энергиямды да, ойымды да талан-таражға түсірмей, үйренгенімнің бәрін, жазатынын жазып келдім, соның бәрін шәкірттеріме беремін. Әр өнер адамының арқалап жүрген миссиясы бар, жолы бар. Менің миссиям – алдымда 500 шәкірт отыр, оқушысы бар, студенті бар, шәкірті бар,  сол ұрпақтың өресі биік болуы, білімді болуы, талантты болуы. Оның нәтижесін Димаш көрсетті, яғни Димаштан асып түсетін, Димаштың деңгейінде жүретін қазақта өресі де биік, білім де жоғары талантты ұл-қыздары жетеді. Оларды жол көрсетіп тәрбиелейтін кім? Яғни өресі бар, білімі бар, таланты бар ұстаз. Мен өзімді сол қатардан көремін», — деді Айгүл Иманбаева.