Шымкенттегі мешітте намаз уақытында төбелес болды
Шымкенттегі мешітте төбелес болды. ҚМДБ ресми өкілі Ағабек Қонарбайұлы бұл дерекке қатысты пікір білдірді, — деп жазады Kznews.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Оқиға 2024 жылдың 12 мамырында кешкі ақшам намазы уақытында Шымкент қаласындағы мешіттердің бірінде болған. Өзге өңірден Шымкент қаласына келген біртоп азамат мешіт имамының ескертуіне қарамастан бірнеше рет жамағат намазын бұзған.
Өзге мәзһабта намаз оқыған олар жамағат пен имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзған.
Намаз кезінде «әмин» дұғасын қатты дауыспен айтқан жандардың әрекетіне төзбеген мешітке тұрақты келуші бір азамат олардың біріне қол жұмсаған. Нәтижесінде имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған. Оқыс оқиға дер кезінде тоқтатылып, полиция қызметкерлері тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешітке келуші жамағатты мешіт ережесіне бағынуға, сонымен қатар құлшылық үйінде сабыр сақтап, көркем мінез танытуға шақырады. Еске сала кетсек, ҚМДБ бекіткен «Мешіт ережесі» бойынша Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады», — дейді ҚМДБ өкілі.