«Бишімбаев 68 жасында түрмеден шығады»: Марқұм Салтанат Нүкенованың әкесі мен ағасы сот үкіміне қатысты пікір білдірді (видео)
13 мамырда әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот үкімі шықты. Бұрынғы ұлттық экономика министрі 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сот үкіміне қанағаттанатынын айтты.
“Сіздер сот процесінде көрсетілген дүниелерді көрмегендеріңіз үшін бақыттысыздар. Ал алқабилер оның бәрін зерттеуге, бәрін қарауға мәжбүр болды. Олар қоғам алдындағы, заң алдындағы міндеттерін орындап, осындай шешімдер қабылдады. Алқабилерге шын жүректен алғыс айтамын”, – деді Айтбек.
Сондай-ақ Айтбек Амангелді Бишімбаевқа шығарылған үкім өмір бойына бас бостандығынан айырылумен тең екенін жеткізді.
“Бұл үкім өмір бойына бас бостандығынан айырылумен тең. Себебі Бишімбаев 24 жылдан кейін 68 жасқа толады”, – деді Айтбек.
Ал марқұм Салтанаттың әкесі Амангелді Нүкенов Бишімбаевтың үкімімен келісетінін, ал Байжановқа аз жыл бергенін айтты.