Бишімбаевқа неліктен өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы берілмеді – Сот өкілі жауап берді
Судьяның БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестірушісі Алма Есімова Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі жарияланғаннан кейін өткен баспасөз мәслихатында экс-министрді өмір бойына бас бостандығынан айыруға қатысты сот алқасының ортақ пікірге келмегенін айтты. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алма Есімованың сөзінше, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалу үшін 11 алқаби бірдей дауыс беруі керек.
«Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тек 11 адамның, 10 алқабидің және судьяның дауыс беруі арқылы ғана тағайындалуы мүмкін екенін ескертемін. Өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмау себебі, кеңесу бөлмесінде алқабилер ортақ пікірге келмеді», – деді Есімова.
Сондай-ақ ол Қазақстанның сот тәжірибесінде алғаш рет ересек адамды ерекше қатыгездікпен өлтіргені үшін 24 жыл мерзімге жаза тағайындалғанын айтты.
«Ақпарат үшін, соңғы жылдардағы сот тәжірибесіне үңілсек, бұған дейін ересек адамға қатысты ерекше қатыгездікпен қасақана кісі өлтіру үшін 15 жылдан 17 жылға дейін жаза қолдану тәжірибесі болды. Шамасы, ауырлататын мән-жайлардың болуы, оның ішінде Бишімбаевтың қауіпті рецидив екені ескерілді», – деді ол.
Алма Есімованың сөзінше, Қуандық Бишімбаев шартты түрде босату туралы өтінішті 16 жылдан кейін бере алады.
“Бишімбаев жазасының 2/3 бөлігін өтеген соң, яғни 16 жылдан кейін шартты түрде босатуға өтініш бере алады. Үкім заңды күшіне енсе (қорғаушы тарап үкімді апелляцияға беруге құқылы), экс-министрдің шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін тек 2040 жылы ғана беруге мүмкіндігі болады”, – деді Есімова.
Еске салайық, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен 2023 жылы 9 қарашада ұсталған еді. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры Бақытжан Байжанов та тұтқындалды. Олардың сот отырысы 2024 жылы 27 наурыздан басталып 10 мамырға дейін жалғасып, ашық түрде өтті.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі («Азаптау»), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталған.
Экс-министр Қуандық Бишімбаев соңғы сот отырысында әйелі Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.
Айта кетейік, бұған дейін Бишімбаевтың ісі бойынша сот отырысында судья шешім шығару үшін құрылған сұрақтарды алқабилерге оқыған еді. Алқабилерге арналған сұрақтар тізімінде 13 сұрақ болды. Оның 10-ы Бишімбаевқа қатысты, 3-і Байжановқа қатысты болған. Осыдан кейін алқабилер дауыс беру және үкім шығару үшін кеңесу бөлмесіне жіберілген еді.
Алқабилер тарапына қойылған сұрақтарға мыналар кірді:
- Салтанат Нүкенованың 2022 жылдың 16 желтоқсанынан бастап 2023 жылдың 9 қарашасына дейін денесінің және басының әр жерінен үнемі ұрып-соғу арқылы физикалық азап шеккені, сондай-ақ ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлай отырып, моральдық азап шеккені дәлелденді ме?
- Бұл әрекетті Қуандық Бишімбаев жасағаны дәлелденді ме?
- Бұл әрекетке Бишімбаев кінәлі ме?
- Жәбірленуші (Салтанат Нүкенова) Қуандық Бишімбаевпен бірге тұрған кезден бастап өз бетінше ақша табуды тоқтатып, материалдық тәуелділікте болғаны дәлелденді ме?
- Салтанат Нүкенованың Bau мейрамханасында бас-ми жарақаты субдуралды гематома салдарынан көз жұмғаны дәлелденді ме?
- Салтанат Нүкеноваға әдейілеп бірнеше рет соққы жасалғаны дәлелденді ме? Соққыны сотталушы Бишімбаевтың жасағаны дәлелденді ме?
Сондай-ақ Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі 13 мамырда сағат 17:00-де шығатыны хабарланған еді. Нәтижесінде әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі ҚуандықБишімбаев 24 жылға бас бостандығынанайырылды. Ал екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов 4 жылға сотталды.