«Ешқашан ешкімге өлім тілеген адам емеспін»: Бишімбаев пен Байжанов соттағы соңғы сөздерін айтты

0

Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты сот отырысында Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов соңғы сөздерін айтты. Бишімбаев өзіне тағылған айыпқа байланысты желілер мен БАҚ-та түрлі жалған ақпарат таралғанын және бұл үшін ақша төленгенін ескертсе, Байжанов Салтанаттың отбасынан тағы да кешірім сұрады. Бұл туралы Kznews.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бишімбаев соңғы сөзінде алқабилерді БАҚ пен желілердегі өзі туралы ақпаратқа сенбеуін өтінді.

“Сотты алқабилер арқылы өткізу менің таңдауым еді. Бұл іспен еліміздегі барлық адамның таныс екенін түсіндім. Желілер мен БАҚ-та қоғамның маған жеккөрінушілігін арттыратын ақпарат тарады. Менің отбасымды, мені қаралады. Алқабилердің мені қолдамауы мүмкін екенін білсем де, тәуекел еттім. Осының бәріне қарамастан адвокаттарыммен бірге сотты БАҚ-тың қатысуымен ашық өткізуді шештік. Менің мұндағы мақсатым – ең болмағанда 10 адамға сол күнгі оқиғаның шындығын жеткізу. Бұл өмірде бәрімізде бір сынақ болады. Бәлкім өмірде кездескен кей адамдар сынақ болып келеді. Ал 8 және 9 қарашада мен бұл сынақтан өтпей қалдым”, – деді ол.

Бишімбаевтың айтуынша, желідегі ақпараттың бәрі төленген, әдейі жасалған, ұйымдастылып, ойдан шығарылған.

“Менің әрекетім өзім сүйген адамның өліміне себеп болды. Оның отбасына, жақындарына қайғы әкелді. Мен олардан тағы да кешірім сұраймын. Еліміздің барлық халқынан кешірім сұраймын. Сонымен қатар өзімнің де отбасымнан, туыстарымнан мен үшін қайғырып, қиналып, ұялғандары үшін кешірім сұраймын. Алайда бұл тек менің кінәм, жақындарымның қатысы жоқ. Осы жерде мен ешқашан ешкімге өлім тілеген адам емеспін. Сол күні де жарыма өлім тілемегем. Құрметті алқабилер, мен кінәлімін. Бірақ істі әдейі жасаған жоқпын, – деді Бишімбаев.

Өз сөзінде Бишімбаев жазадан қашу үшін жасырынып қалуға мүмкіндік болса да, бұлай істемегенін жеткізді.

“Құрметті алқабилер, өздеріңізді бір сәтке менің орныма қойып көріңіздер. Барлық билік пен ел қарсы болып жатыр. Тіпті желіде маған елдің жеккөрінушілігін оятатын әдейі жазылған түрлі ақпарат тарап жатыр. “Өтірік қаншалықты қорқынышты түрде айтылса, соншалықты адамдар оған оңай сенеді.

Менің бар үмітім қазір өздеріңізде. Бұл жерде Бишімбаев емес, экс-министр емес, жай ғана қарапайым азамат болса, қалай болатын еді? Өздеріңізден сұрап көріңіздерші. Онда осынша өтірік, желіде жалған ақпарат та болмас еді. Адамды осындай ауыр іске дәлелсіз айыптар ма еді?” – деп қосты ол.

Бишімбаевтан соң сөз алған Бақытжан Байжанов та болған жайтқа өкінетінін айтып, Салтанаттың жақындарынан кешірім сұрады.

“Құрметті алқабилер, маған қылмысты жасырды деген айып тағылып тұр. Бірақ бұл жерде менің сол күні аса ауыр қылмыстан хабарым болды ма деген сауал тұр. Ант етейін, ол күнгі жағдайды білмедім. Егер осынша қатыгездікті жасырып жатқанымды білсем, тіпті өзімді бұлай ақтамас та, кешірмес те едім. Құрметті алқабилер, осы күндер бойы менің ойымнан Салтанат кетпей қойды. Ол өз жақындарына махаббат пен мейірім сыйлап жүрер еді. Ол өте жылы адам еді. Ал бүгін ешбір сөз оның жақындарының қайғысын жеңілдетпейді. Салтанаттың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын”, – деді ол.