Халықтың 30 жыл қиналғанына Қуандық неге жауап беруі керек – Бишімбаевтың адвокаты

0

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша бүгін жарыссөз жалғасты. Сотталушының адвокаты Лейла Рамазанова өз қорғауындағы Бишімбаев адамды азаптап өлтірді деген айыппен келіспейтінін айтып, жарыссөзді Абайдың үшінші қара сөзіндегі үзіндімен аяқтады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Абайдың сөзінен үзіндімен аяқтады

Адвокат Қуандық Бишімбаев адамды азаптады деген бап бойынша кінәлі емес екенін айтады.

– Осы жерде адвокат Вранчев кеше былайша айтқанда Қуандықты “құрбандыққа шалу керек” деп айтты. Халықтың 30 жылдан бері қиналуына жауапты етіп көрсеткісі бар. Бірақ неге Қуандық сол үшін жауап беруі керек? Қуандықтың жасы 30 жыл бұрын онда ғана болған. Егер Қуандық жазаланса біздің қоғамдағы мәселелердің бәрі шешілім кете ме? Біз мұнда Қуандықты емес, заңды қорғап тұрмыз. Қуандықтың орнында кез келген эмоционалды адам болуы мүмкін, – дейді Лейла Рамазанова.

Адвокат Рамазанова Бишімбаев 9 қарашаны есептемегенде адамды азаптады дейтіндей, сотта дәлел көрсетілмеген деп есептейді. Рамазанова сонымен қатар, Абайдың үшінші қара сөзіндегі мына үзіндіні келтірді:

– Елдегі жақсы адамдардың бәрінің үстінен бекер, өтірік «шапты, талады» деген әртүрлі уголовный іс көрсетіп, арыз береді. Оған дознание — тергеу шығарады. Өтірік көрмегенін көрдім деуші куәлар да әлдеқашан дайындап қойылған, бағанағы жақсы адам сайлауға жарамасы үшін. Ол адам басын құтқармақ үшін жамандарға жалынса, оның да адамдығының кеткені, егер жалынбаса, тергеулі, сотты адам болып, ешбір қызметке жарамай, басы қатерге түсіп өткені.

Бишімбаевтың ісі

Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды.  Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.

Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған «қинау» (110-баптың 2-бөлігі) және «аса қатігездікпен адам өлтіру» (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы «Гастро-орталық» директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша «қылмысты жасырды» деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.

12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмаған. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келген.

4 сәуір күнгі сотта Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Лейла Рамазанова бүгінгі сотқа Салтанат Нүкенованың денесіне жасалған сараптаманы жарамсыз деп тану қолайсыз деп тану жөнінде өтініш білдірген. Судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартқан.  Ал Бишімбаевтың өзі тергеу изоляторында өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын мәлімдеді.

Прокурор Айжан Аймағанова Қуандық Бишімбаевтан ұрып-соққан жұбайына жедел жәрдем шақырудың орнына неге көріпкелге қоңырау шалғанын сұраған. Бишімбаев “бұл менің үлкен қателігім болды” деп жауап берді.

Алдын ала тыңдаудан кейінгі соттарға журналистер кіруге мүмкіндік алды. Сот барысы Қазақстан Республикасының Жоғарғы сотының ресми сайтынан тікелей эфирден көрсетіледі.