1-ақпан — десерт күні

0

1 ақпан тәтті құмар жандар халықаралық десерт күнін атап өтеді.

Бұл өнім әлемнің барлық асханасынан табылады. Олардың пайда болуының өз тарихы бар. Тіпті алып-қашпа аңыздар да айтылады. Басым көпшілігі әйгілі тарихи тұлғалардың есімдерімен байланысты. Әр өнімнің бейресми мерекесі болғандықтан, тәтті тағамдардың танымалдығы кең етек жайды. Сондықтан бұл күн жылына екі рет тойланады.

Ал қазақтың ұлттық тағамдары десерттерінің бірі мыналар – жент, талқан, балқаймақ және т.б.

Жент – қазақ шоколады. Оны дайындау үшін, яғни1 кг. жентке 500 гр тары, 400 гр ірімшік, 200 гр қант, 50 гр ас қасық мейіз, 200 гр сары май керек. Ірімшік пен тарыны келіде ұсатады. Қоспаға қант пен мейіз қосып араластырады, оған ерітілген сары май құяды, қатқанша суытады. Дайын жентті қызған өткір пышақпен кеседі.

Талқанды сары маймен қосып дайындау үшін 100 гр. тары, 100 гр. сары май керек. Талқанды пісірілген әрі тазартылған, келіде ұсатылып, елеуіштен өткізілген тары, бидай мен жүгері дәндерінен әзірлейді. Дайын талқанды сары маймен сіңгенше араластыру керек. Сонымен қатар талқанды қаймақпен, сүтпен, сорпамен, сумен, шикі жұмыртқамен араластыруға болады.

Балқаймақ. Терең табаға немесе қазанға қаймақ құйып, бетінде майы пайда болғанша араластырып, қайнатамыз. Қаймақты қайнатқан кезде бал не қант қосуға болады. Одан кейін қаймаққа ұн қосып, жақсылап араластырып, тағы 10 минут қайнатамыз. Ыстық күйінде дастарханға қоямыз.

Ал сіздің сүйікті десертіңіз қандай?

Айжан МАМЕШ