Биылғы ҚПЛ қазақстандық бапкерлер үшін жақсы мүмкіндік
Биылғы маусым қазақстандық бапкерлер үшін сәтті өтіп жатыр деуге болады. Кеше ҚПЛ-дің чемпионын сырт алаңда ұтқан «Қайрат» пен тәуір ойын өрнегін көрсетіп жүрген «Қызыл-Жар», «Жетісу» командаларының тізгінін Отандық мамандар ұстайды. Жылдан-жылға қазақ футболымен қатар біздің бапкерлердің де дәрежесі өсіп келеді.
Қазақ футболының индикаторы
Қайрат Нұрдәулетов, Әли Әлиев, Андрей Карповичтер — қазақстандық бапкерлердің жаңа буыны. Қазіргі қазақ футболының индикторы да өзіміздің қазанымыздан қайнап шыққан осындай жаттықтырушылар екені анық. Дәлірек айтсақ, осындай жас жаттықтырушылардың аяқ-алысы мен жұмысынан отандық футболдың дамуын көріп, бағамдаймыз. Сонымен, биылғы ҚПЛ өкілдерінің біразында Отандық мамандар жұмыс істейді. Соның бірі – Қайрат Нұрдәулетов. Кезіндегі керемет футболшы, бүгінгі жас бапкер «Жетісудың» тізгінін осы маусымның басында ғана ұстады. Талдықорғандық команда биылғы біріншіліктегі алғашқы бәсекесінде азулы «Астанаға» кәдімгідей қарсылық танытқан. 87 минут бойы бой бермей келіп, тек соңғы минуттарда ғана екі гол жіберіп, ұтылған команданы қалай жазғыруға болады? «Жетісу» ҚПЛ-дегі басты фавориттің фонында қораш көрінген жоқ. Жаңа маусымның бірінші туры. Ойыншылар әлі де бір-біріне бой үретіп үлгермеген. (Жетісудың биылғы құрамы сексен пайызға жаңарған) Тек, матч соңында қарсыластың жолы болып кеткендей көрінді.
Қайрат НҰРДӘУЛЕТОВ, «Жетісу» ФК БАС БАПКЕРІ;
«Алдымыздағы «Атыраумен» болатын кездесуге дұрыстап дайындалу қажет. Қазір бар ойымыз сол матчта. Талдықорғандағы жұмыс жағдайына көңілім толады. Базада тұрамыз. Жаттығу жасайтын жеріміз, алаңымыз да жаман емес. Әрине, жетілдіре түсетін жерлер көп қой. Сондықтан, жалпылама айтатын болсақ — бәрі де жақсы».
Жақсы футболшы – жақсы бапкер
Қайрат Жұмабекұлының «Астанамен» ойыннан кейін футболшылармен әңгімелесіп, қателіктермен біраз жұмыс істегені анық. Талдықорғандық клубтың бапкерін эмоцианалды футболшы ретінде жақсы білеміз. Өзі капитан болған Қазақстан Ұлттық құрамасы, «Тобыл», «Астанада» команда үшін жанын салатыны, соңына дейін ойнайтын қайсарлығы әріптестеріне ерекше жігер беретін. Жетісулық жаттықтырушының сондай қасиеті қазіргі клубы үшін өте маңызды. Себебі, Талдықорғандық команда биылғы бәсекелерде ең алдымен осындай ерік-жігер, табандылық секілді дүниелерге арқа сүйеуге мәжбүр. Әйтпесе, бюджеті, құрамы жөнінен «Жетісуға» қиын боларын сіз де, біз де біліп отырмыз. Басқасын айтпағанда, алғашқы турда жолыққан сол «Астанамен» Талдықорғандық клубтың құрамын салыстырып көріңіздерші. Әрине, жаңа бапкердің Талдықорғандық клубтағы жұмысына баға беру әлі ерте. Бірақ, әзірдің өзінде «Жетісудың» ешкімнен қорықпай ойнайтыны байқалады. Жігіттер алаңда барын салуда. Екінші тур аясында болған «Атыраудағы» матчта Талдықорғандық команда ең бірінші кезекте өзінің табандылығының арқасында жеңіске жетті. Қайрат Жұмабекұлының өзі де бізге берген сұқбатында бірнеше позицияның ақсап тұрғанын айтқан. Құрамды күшейту керек деді. Егер клуб басшылығы мүмкіндік беріп жатса, ол олқылықтың да орнын толтырып қалар. Төрт құбыласы түгел келіп жатса, неге «Жетісуды» маусым соңынан турнирлік кестенің жоғары жағынан көрмеске?
Қайрат НҰРДӘУЛЕТОВ, «Жетісу» ФК БАС БАПКЕРІ;
«Жетісудың» жағдайы жаман емес. Ойға алғанымызды ақырындап іске асырып келеміз. Өзіміздің ойымызды жігіттерге жеткізіп жатырмыз. Футболшыларға рахмет. Шамалары келгенше тапсырманы орындауда. Дайындығымыз да жақсы. Жаттығып, нәтиже көрсету үшін керектінің барлығы бар. Қолайлы жағдайдың барлығын жасалған. Енді әрине, әр бапкерге бірдеңе жетіспей тұрады ғой. Сондықтан, бізде де тағы бір-екі футболшы алсақ, бір-екі позицияны күшейтсек екен деген ой бар. Ол туралы қазір алдын-ала ештеңе деп тіс жармай-ақ қояйық. Өз уақытында болып жатар. Бармен базар деуші еді. Қазір енді қолда бар құраммен жұмыс істеу керек. Ойынды сол футболшылармен қоямыз.
Отандық футболдың нағыз патриоты
Қайрат Нұрдәулетов елімізде қазақша сөйлейтін, ал ең бастысы, өзінің ана тілінде ойлай алатын бапкердің бірі. Шыны керек, қазір мұндай мамандар бізде көп емес, саусақпен санарлық қана деуге де болады. Жалпы, Талдықорғандық клубтың бас бапкерін Отандық футболдың нағыз патриоты десек те әбден жарасады. Ұлттық құрама жейдесінде 35 ойынға қатысып, алаңда жан-жүрегімен ойнайтын адамды басқа қалай деп атауға болады? Футболшы ретінде өте жақсы мансап өткізген азаматтан енді сондай жақсы бапкер шыққанын көру қалып отыр. Қайрат Жұмабекұлының 34-інде карьерасын тәмамдап, бапкерлікке бет бұрғанына да біраз уақыт өтті. Жаңа қызметінің бастауында Александр Бородюк секілді танымал мамандардың жанында жүріп, тәлім алды. Жастармен жақсы тіл табысатын жақсы қасиетін де білеміз. Қазақстан жастар құрамасымен жұмыс істеді. Қазір сол білім-білігін Талдықорғандық клубта көрсетуі тиіс. Жұмыс істеу үшін командада барлық мүмкіндіктердің барын өзі де айтқан еді. Біздіңше, Талдықорғандағы жұмысы — Қайрат Нұрдәулетов үшін шеберлігін шыңдайтын, тәжірибесін арттыра түсетін ең қолайлы кезең. Бапкер алдында жүлдеге іліну міндеті қойылып отырған жоқ. Барынша «скромный» командамен тәуір нәтиже көрсетсе.
Қайрат НҰРДӘУЛЕТОВ, «Жетісу» ФК БАС БАПКЕРІ;
«Әрбір бапкердің мақсаты болады. Талдықорғанға футбол тойын алып келсек деймін. Осындағы стадионды бұрынғыдай жанкүйерлерге толтырсақ. Басты мақсатымыз Талдықорғандық футболсүйер қауымды жерге қаратпайтындай өнер көрсету. Ұялмайтындай ойын көрсетсек деймін. Дайындық барысында өзімізге керекті ойын жүйесін байқаған сияқтымын. Жанкүйердің жүрегіне жол табу үшін тер төгеміз».
Талдықорғанның орталық алаңына жанкүйерлерді толтыруды көздеген жаңа бапкердің алдында біраз жұмыс бар. Осы маусымда Қайрат Нұрдәулетов «Жетісудың» жаңарған құрамымен, ондағы жергілікті жастармен жақсы ойын өрнегін көрсететді деп сенеміз.
Айнат ҚАБИДУЛЛАЕВ