Премьер лига: Шахтер жаңа бапкермен жеңіске жетті
Футболдан Премьер-лиганың төртінші туры жыл сайын жер-жүзі бойынша 6 сәуір күні тойланатын Халықаралық спорт күнімен тұспа тұс келді.
4-тур екі күнге созылып, қызықты да тартысты болды. Бұл турда жалпы саны 9 гол соғылды. Ойындарға қысқаша шолу жасап өтейік.
«Қызылжар» — «Жеңіс» 4:0
Турдың алғашқы ойыны Петропавл қаласында болды. Бұл матчта Қызылжардың фаворит болғаны анық, алайда ірі есеппен жеңіске жетеді деп ешкім күтпесе керек. Жергілікті команда тарапынан төрт голдың төртеуінде легионерлер соқты. Алғашқысын матчтың 23-минутында команда капитаны Евгений Березкин төрт қорғаушының тұрғанына қарамастан қақпа кілтін дәл тапты. Айта кету керек, Березкин осы маусымда «Қызылжар» сапында үшінші голын соғып отыр. Ал екінші таймның 56-минутында Брижидудің бұрыштамадан асырған пасын Зоран Нижич өзінің бойшаңдығын пайдаланып гол соғып кетті. Екі гол салған соң петропавлдықтар өздеріне сенімді ойнай бастады.
Ойынның 71-минутында Брижиду тағы да бұрыштамадан пас асырып, Борис Цмилянич есепті еселеді. Осы голдан кейін Цмиляничтың орнына Алексей Щебетун шықты. Украиналық шабуылшы көп уақыт өтпей ойынның 81-минутында «Жеңістің» қателігін сәтті пайдаланып гол соқты.
Осылайша, «Қызылжар» командасы Премьер лигадағы тәжірибенің арқасында өз жанкүйерлерін қуантты. Сонымен қатар «Жеңіс» бар жерде жеңіліс бар екенін де ұмытпаған жөн.
«Елімай» — «Қайсар» 1:0
«Елімай» — «Қайсар» матчы Павлодарда болды. Алғашқы таймда семейліктердің ойыны жүрмей, шабуылдары нәтижесіз болып жатты. Алайда ойынның 80-минутында өткен маусымда «Ақтөбені» алға сүйреген Роджерио Шина есеп ашып, ойын нүктесін қойды. Ал қызылордалық «қасқырлар» қасқыр мінездерін көрсете алмай келе жатқандарына осымен төртінші тур.
Матчтан кейін «Қайсар» командасының әлеуметтік желідегі парақшасында матчта төрелік еткен Саят Қарабаевтың жұмысына наразылықтарын жеткізді.
«Қайрат» — «Жетісу» 0:0
Алматыдағы жаңбырлы ойында есеп ашылмады. Алғашқы минуттарда әдеттегідей Жоау Пауло гол соққан болатын, бірақ офсайд болып есепке алынбады. Ойынның 24-минутында «Жетісу» қақпасына пенальти белгіленіп, Пауло гол соға алмады. Пенальти тебуде ойын ережесі бұзылды деп Паулоға тағы да мүмкін беріп еді, Арсен Сиукаев допты оп-оңай ұстап алды.
Екінші таймда алматылықтар бірнеше рет шабуылдап гол соға алмады. Тіпті доптың қақпа маңдайшасына тиген сәттері де болды. Ал «Жетісу» ойыншылары тек қорғануды жөн көрді. Осылайша матч фавориті «Қайрат» Қайрат Нұрдәулетов шәкірттерінен айласын асыра алмады.
«Ақтөбе» — «Атырау» 1:1
Турдың екінші күні батыс дербиімен бастау алды. Соңғы ойында жеңіліс тапқан «мұнайшылар», «Ақтөбеге» қарсы тыңғылықты дайындалып келгені байқалды. Көп күттірмей ойынның 11-минутында ұлттық құраманың ойыншысы Әділхан Таңжарықов бұрыштамадан асырылған пасты сәтті пайдаланып, есеп ашты. Осы голдан кейн қос команда бірінші таймның соңына дейін іш-пыстырарлық ойын көрсеткені де рас.
Қызықтың бәрі екінші таймда болды. Біресе «Ақтөбенің», біресе «Атыраудың» шабуылын көрумен болдық. «Атырау» шабуылшыларының қақпаға бағыттаған соққыларының барлығы қақпашы Щацкийдің қолынан табылып жатты. Тек ойынның 69-минутында 32 жастағы шабуылшы Николай Сигневич пасты сәтті пайдаланып, таразы басын теңестірді. Осылайша Виталий Жуковский шәкірттері сырт алаңда «Ақтөбеден» ұпай алып кетті.
«Шахтер» — «Астана» 1:0
Турдың сенсациясы тағы да «Астанаға» қарсы матчта болды. Чемпионат басталғалы бірде бір ұпай алмаған «кеншілер» елордалық клубты қапы қалдырды. Ойынның 26-минутында команда лидері Роджер Каньяс ғаламат голымен көзге түсті. Каньястың голы тіпті, осы турдың ең үздік голы болуы әбден мүмкін. Ойынның қалған уақыттарында «Астана» өз мүмкіндіктерін сәтті пайдалана алмады. Айта кету керек жақында ғана «Шахтер» сапынан бас жаттықтырушы Игорь Солошенко қызметінен босатылып, орнына Андрей Финонченко тағайындалған болатын. Осылайша Финонченко алғашқы матчында сенсация жасап, жанкүйерлерді тәнті етті.
«Тұран» — «Ордабасы» 0:1
Оңтүстік дербиде шымкенттік клуб басым түсті. Түркістандағы стадион дайын болмағандықтан «Тұран» ойындарын Шымкентте өткізіп жүргенін білеміз. Сол себепті «Ордабасы» үйде ойнап жатқандай өздерін еркін сезінді. Командаға келе салысымен көрермен көзайымына айналған шабуылшы Жасур Яхшибоев ойынның 25-минутында есеп ашты. Одан бөлек «Ордабасы» сапынан Всеволод Садовский матчтың 89-минутында гол соққан еді, бірақ төреші есепке алмады.
Айта кететін жайт «Ордабасы» сапында жарақат алып, ұзақ уақыттар бойы алаңға шықпаған ұлттық құрама ойыншысы Бауыржан Исламхан 80-минутта Асхат Тағыбергенмен ауысты.
Турнирлік кестеге көз жүгіртсек әзірге «Қайрат» бірінші орында. Екінші орынмен алтыншы орында «Қызылжар», «Ордабасы», «Ақтөбе», «Елімай», «Тобыл» командалары жеті ұпаймен өзара бөлісіп тұр. Аутсайдерден жеңіліс тапқан «Астана» алты ұпаймен жетінші орынға жайғасты. «Тұран»мен «Жетісу» төрт ұпаймен сегізінші орында. «Атырау», «Шахтер», «Жеңіс» оныншы, он екінші орында. Ал маусым басталғалы жеңілістен көз ашпаған «Қайсар» турнирлик кестенің соңында тұр.
Айнат ҚАБИДУЛЛАЕВ,
АСТАНА