“Жақында үйге қайтамыз”: “Оператор РОП” экс-басшысы Құмарғалиевтің түрмеде ет турап отырған видеосы жарияланды
Былтыр шілдеде бас бостандығынан айрылып, қазір жазасын өтеп жатқан Медет Құмарғалиевтің түрмеде ет турап отырған видеосы жарияланды деп хабарлайды, Kznews.kz тілшісі.
Жазбада Құмарғалиев өзінің жағдайы жақсы екендігін айтып, сәлем жолдайды.
“Қасиетті жұма қабыл болсын, бауырлар. Аман-саусыздар ма? Бәрі жақсы ма? Сіздерде бәрі жақсы болады” — дейді ет турап отырған Құмарғалиев.
Ал, видео түсіріп отырған белгісіз азамат “бізде ше?” деп сұрайды.
“Бізде бәрі керемет болады. Басқаша болуы мүмкін емес. Жақында үйге қайтамыз. Біздің ортақ үйден сәлем. №30 колониядан,” -дейді Медет Құмарғалиев.
Еске салайық, былтыр 3 шілде күні Астана қаласының ауданаралық соты “Оператор РОП” ЖШС басшылары мен бұрынғы Экология вице-министріне үкім шығарған еді. Бұрынғы Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов 7 жыл бас бостандығынан айрылған. Компания директоры Светлана Коротенко да осындай мерзім алған еді.
2019-2022 жылдар арасында компанияға жетекшілік еткен Медет Құмарғалиев та 7 жыл бас бостандығынан айрылған.