Алматыда Дүниежүзілік сақ мәдениетінің орталығы ашылады

0

Дүниежүзілік сақ мәдениетінің орталығы Алматыда ашылмақ. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек зиялы қауым өкілдерімен кездесу барысында айтылды.

Жиында ел ағаларының алдында шаһарға тиесілі ірі жобалардың бірнешеуі таныстырылды. Бір ауыздан қолдау білдірген қоғам қайраткерлері мен белсенділері бастамалардың бәрі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында көрсетілген рухани құндылықтарымызды жаңғыртуымызға сеп болады десті.

Шаһардағы кез-келген жәйтқа бей-жай қарамайтын бүгінгінің зиялысымен және қоғам белсенділерімен кездескен Алматы әкімі Бауыржан Байбек биылғы жетістіктерді жіпке тізе отырып, болашаққа бағытталған бастамалармен бөлісті. Әуелі Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 265 жоба жүзеге асырылып жатқаны алға тартылды. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мен байырғы жәдігерлерлермізді қайта жаңғырту арқылы ғана Қазақ елінің мәртебесін асқақтата аламыз деп Елбасы көтерген «Ұлы даланың 7 қырын» тереңінен түсініп, жүзеге асыруда мәдени астана саналатын Алматыда ұлттық дамуымыз үшін ұрпақтар сабақтастығын байланыстыра түсу маңызды деді Бауыржан Байбек.

«Алматы – Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі. Сондықтан Елбасының мақаласында айтылған мәселелер біз үшін өте маңызды. Қазір Жамбыл кітапханасын жаңғыртып, жаңа «Опен Спейс» қағидаты бойынша жасақтап жатырмыз. Жастармыз ұлы жазушылармен кездессін деп жаңа орталарды дамытып жатырмыз», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Жүзеге асатын жобалардың бірегейі – Дүниежүзілік сақ мәдениеті орталығының ашылуы. Алматының солтүстік батыс аймағы мен Үлкен Алматы өзенінің сол жақ жағалауында орналасқан Боралдай сақ қорғандары аумағында аспан астындағы мұражай болмақ. Сондай-ақ, қазақтың әулиелік дәстүрінен сыр шертетін музейде бой көтермек. Ол қайта жөндеуден өтетін Райымбек баба кесенесінің жанынан салынбақ. Оған қоса, тәу етіп келгендер үшін 591 шаршы аумақты құрайтын мешіт болады. Зиярат етуге жылына 300 мың адам келсе, қайта жөндеуден кейін келушілердің санын 500 мыңға жеткізу жоспарлануда.

Танымдық жобаның тағы бірі – «Қазақфильм» аумағында заманауи Этноленд кешенінің салынуы. Зиялы қауым өкілдері бұл орталықта жүзеге асырылатын барлық салт-дәстүр мен жөн-жоралғы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көрсетілген құнды дүниелерден сыр шертпек дейді. Ал франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов қазақтың тарихи нысандарын брендке айналдыру керек дегенді алға тартуда.

«Мен мына жобаларды көріп қуанып отырмын. Этноленд болсын, Сақ қорғаны болсын, басқа да музей болсын, бәрі де бізге керек дүниелер. Соның арқасында  туристі де көбейтеміз. Өзге елдің франшизасының бізге керегі жоқ. Өзіміздің тарихымыз бай. Ол технологиялар қазір ашық. Біреудің музейін көшіріп алып келудің қажеті жоқ», – деді Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Бекнұр Қисықов.

«Сонау жапон жеріне жол түсті. Ол елді эстрадамен, классикалық музыкамен ешкімді таңдандыра алмайсың. Олардың біздің музыкаға әуестенгені сонша, әсіресе, екі ішекті қылқобызға қатты қызқыты. Жылқының қылынан жасалған аспапты жапондар қатты таңсық көрді. Домбыра аспабына да қатты қызыққан болатын. Жалғыз жапондар ғана емес, Еуропа еліне барсаң да, оларға сенің эстрадаң бес тиын. Одан да өзіміздің аспаптарымызды, фольклорымызды көрсетсек, соған бәрі қызығып жатады әрі үйреніп алғысы келеді», – дейді ҚР Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы Розыбакиев пен Штраус көшелерінің қиылысындағы аумақтан Сақ қорғандары табылған еді. Енді бұл аумақ қала меншігіне өтіп, ондағы 1 гектар жерде де сақ мәдениетінен сыр шертетін мұражай ашу көзделіпті. Ал ашылғалы бері қазақтың дәстүрін насихаттайтын бір де бір құнды дүниесі болмаған Орталық саябаққа екі жәдігер қойылмақ. Оның біреуі –Алматының мыңжылдығын дәлелдейтін күміс теңгенің ескерткіші болса, екіншісі – қазақ халқының рунамен және латын қарпімен жазылған ұлттық күнтізбесінің ескерткіші орнатылмақ.

«Қамшы» сілтейді