Жезқазғанда жалпықалалық сенбілік өтті

0

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Жезқазған қаласында жалпықалалық сенбілік өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Тазалық шарасына қаланың барлық мекемелері қатысты. Жалпы, 180 ұжымнан 9 мыңнан астам адам, 130 арнайы техника жұмылдырылды. Қала бойынша 500 га астам жер тазартылып, 18844 текше метр қоқыс шығарылды.

Сондай-ақ көпқабатты үйлердің тұрғындары да бүгінгі сенбілікте  аулаларын жинап, ретке  келтірді. ПИК-тердің ұйымдастыруымен тұрғындар тазалық жүргізді.

Сенбілік аясында Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов жауапты мамандармен бірге қала көшелерін аралап, қаланың санитарлық тазалығын тексерді. Санитарлық тазалықты сақтамаған, абаттандыру ережесіне сәйкес келмейтін нысандардың иелерімен тілдесіп, кемшіліктерді қысқа мерзімде түзеу қажеттігін айтып, ескерту жасады. Ғимараттар алдын тазалау, аумақты абаттандыру сияқты жұмыстар жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, коммуналдық мекемелер басшыларына қала көшелерін, жаяу жүргінші жолдары мен аялдама аумақтарын тазарту және қоқыстан арылту жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.