Иран Израильге шабуыл жасағаннан кейін мұнай бағасы өсті
Сатылым деректеріне назар аударсақ, Иранның Израильге шабуылынан кейін мұнайдың әлемдік бағасы 0,3-0,4% өсті. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Риа Новости басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәскеу уақытымен 1.16-дағы жағдай бойынша Brent маркалы мұнайға маусым фьючерстерінің бағасы 0,357%, барреліне 90,48 долларға дейін, WTI-ге мамыр фьючерстерінің бағасы 0,28%, 85,69 долларға дейін өскен.
Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы жексенбіге қараған түні Израиль аумағына соққы жасады. Бұл – сәуір айының басында Сириядағы Иран консулдығын Израиль авиациясы жойып жібергеніне жауап деп мәлімдеді олар. Шабуылға ондаған-жүздеген зымыран мен ұшқышсыз ұшақтар, соның ішінде Shahed камикадзе дрондары қатысты.
Сондай-ақ кеше қазақстандықтар бір тәулік бойы Сауд Арабиясындағы Джидда халықаралық әуежайынан үйлеріне ұша алмай отырғанын жазған едік. Олардың айтуынша, рейстер Иранның Израильге жасаған әуе шабуылына байланысты тоқтатылған.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің күрт нашарлауына байланысты терең алаңдаушылық білдіріп, тараптарды барлық келіспеушілікті тек саяси-дипломатиялық жолмен шешу үшін ұстамдық пен кідіріссіз шаралар қабылдауға шақырады.
«Қазақстан өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне өзінің берік қолдауын тағы да атап өтеді», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ қорғаныс министрлігі қазақстандық бітімгерлердің Голан биіктерінде штаттық режимде миссиясын орындап жатқанын мәлімдеді.