“Белбеумен буындырды”: 7 жасар Милана Давыдованың қалай өлтірілгенін оқиға куәгері айтып берді

0

Павлодарда жеті жасар Милана Давыдованы өлтірді деп айыпталған қыздың анасы мен көршісіне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

11 сәуірде сотта екі айыпталушыдан жауап алынды. Марқұмның анасы өз кінәсін толық мойындап, қызын қолымен, кейін белбеумен ұрғанын, одан кейін көршісінің баланы буындырып өлтіргенін айтты. Күдікті ер адам тергеу барысында өзіне қысым жасалғанын, сондықтан қызды өлтіргенін мойындағанын айтты. Ол өзінің сотта берген айғағын ғана ескеруді сұрады.

«Мен мәйітті жасырып, хабар бермегенім үшін өз кінәмді мойындаймын. Т.Д-ның (қыздың анасы) қызымды өлтірді деп айтып отырғанына өзім таңғалып тұрмын», – деді айыпталушы.

Прокурор мен судьяның «қызды бәрі іздеп жүргенін біле тұра, неге бірден қыздың көз жұмғанын хабарламадың» деген сұрағына ер адам полицеймен сөйлескеннен кейін ғана бәрін мойындауды ұйғардым деп жауап берді.

Сондай-ақ сотталушы қыздың денесін анасының өтініші бойынша жасырғанын айтты.

Сотта тергеу барысында айыпталушылардың әртүрлі айғақтар бергені белгілі болды. Тергеуде қыздың анасы алдымен қызын ұрып-соққанын, қыздың есінен танып қалғанын айтқан. Артынша әйел көршісіне телефон соғып, баланың денесін жерлеуге көмек сұраған. Ал сот барысында айыпталушылар кінәні бір-біріне аударып жатыр.

Айта кетейік, сотта оқиғаның куәгері, Милананың 9 жасар ағасының түсініктемесі де оқылды.

«Мен, Маришка және Милана сабақтан келдік. Үйде анам мен ағай болды. Киім ауыстырып, сыртқа шықтық. Біраз ойнап, Милана үйге кетті. Үйге келсем, анам Милананы ұрысып, оны жұдырығыммен ұрды. Ағай да оны менің белбеуіммен ұрды. Сосын ағай Милананы арт жағынан белдікпен буындырып өлтірді, анам жанында қарап тұрды. Анам мен ағай маған көргенімді ешкімге айтпауымды, әйтпесе олар мені де Милана сияқты ұратындарын айтты», – делінген марқұм Милана Давыдованың ағасының куәлігінде.

Еске салсақ, сұмдық оқиға былтыр қараша айында Бесқауға ауылында болды. Із-түссіз жоғалып кеткен жеті жасар Милана Давыдованы іздеуге 500-ге жуық адам жұмылдырылды. Бірнеше күннен кейін безбүйрек ана жасаған қылмысын мойындап, қаршадай қызының денесі жасырылған жерді көрсетіп берді.