«Әділдік және Өркендеу» Қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша шаралар кешенін іске асыруды бастады

0
«Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры су тасқынынан зардап шеккен Қазақстан өңірлерінің тұрғындарына көмек көрсетуге күш-жігерді шоғырландыру мақсатында барлық облыс өкілдерінің қатысуымен Ахуалдық штаб құрды.

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі қор өкілдері жергілікті жағдайды және апатқа қарсы күрестің алғашқы күндеріндегі тәжірибені ескере отырып, төтенше жағдай режимі жарияланған облыстарға көмек көрсету бойынша шаралар кешенін ұсынды.

Бүгін штабтың бірінші отырысы өтті. Жиында зардап шеккендерге көмек көрсетудің бірінші кезектегі шараларымен қатар, жақын арада үлкен су кеткен кезде қоғамдық белсенділер өз жұмысын шоғырландыратын шаралар барысы талқыланды.

Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар су тасқынының салдарын азайтуға күш салды. Қордың барлық өкілдігі мемлекеттік органдар, волонтерлік ұйымдар, азаматтық белсенділермен бірлесіп жұмыс істей отырып, елдегі су тасқыны жағдайы нашарлаған кезден бастап тілсіз жауға қарсы іс-қимыл және олардың салдарын барынша азайту жөніндегі жұмысқа белсенді қатысып жатыр.

Штаб отырысына бейне-конференция байланыс режимінде Қордың барлық 20 өңірлік өкілдігінің басшылары қатысты. Табиғи апаттың алғашқы күндерінде төтенше жағдай жарияланған облыстардағы өкілдік жетекшілері туындаған ахуалға қатысты жедел әрекет еткені атап өтілді: олар әлеуметтік желілерде апат аудандарындағы тұрғындарға көмек көрсету үшін қажетті заттарды жинау туралы жариялады, адамдарды бөгеттер мен бекіністер салуға жұмылдырды, еріктілердің тамақтануын ұйымдастырды. ҚҚ-ның барлық қызметкері зардап шеккен өңірлерден келген қазақстандықтарға бір күндік жалақыларын аударды.

Штаб отырысына қатысушылар бұған дейін уақытылы атқарылған іс – қимылдардың маңызын ерекше атап өтіп, су кеткен учаскелерді тазарту, үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіру жөніндегі шаралардың екінші кезеңін іске асыру қажеттігіне назар аударды. Осыған байланысты Қостанай өкілдігінің басшысы Амандық Әмірхамзин белсенділерге тұрғындармен кездесулер өткізуді, нақты залалды бағалау үшін аудандар мен ауылдық пунктерге барып, олардың қандай көмекке мұқтаж екенін білуді ұсынды.

Қордың Батыс Қазақстан өкілдігінің басшысы Асыланбек Губашев ерікті жасақтардың жұмысын ұйымдастыруды ұсынды: «Қазіргі жұмыс көлемі орасан зор. Бізге еріктілер керек. Су тасқыны салдарын жою жұмыстарымен айналысатын ер адамдар тапшы. Сонымен қатар бей-жай қарап отырудан аулақ болу керек», — деді белсенді.

Әріптесін Алматыдан келген Мирас Байсейітов қолдады.

«Біз зардап шеккен ғимараттарды қалпына келтіру және жаңа үйлер салу үшін ерікті құрылыс жасақтарын құру бастамасын қолға алуымыз», — деді ол әріптестеріне.

Сондай-ақ қоғам қайраткері су тасқыны салдарын жою қызметіне демеушілерді де тарту қажет деп санайды. Ұйымдар тарапынан техника, құрал-жабдық және білікті мамандарды жұмылдыру керек болып тұр.

Ұсыныстарды талқылау барысында Қордың елордалық өкілдігінің басшысы Ләззат Ахатова зардап шеккендерге дәл осы уақытта өзекті болып тұрған заңгерлік кеңес беру мәселесін қозғады.

«Ауыл тұрғындары үйлерінің құжаттарын жоғалтып немесе ғимараттар уақытылы заңдастырылмаған, біреудің малы есепке алынбаған жағдай туындауы мүмкін. Бұл материалдық залалдың мөлшерін есептеу кезінде үлкен проблема болады және мұнда өңір тұрғындарына білікті құқықтық көмек қажет болады», — деді заңгер Л.Ахатова.

Сонымен қатар қоғам белсенділері су тасқынынан зардап шеккен отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балалар үшін жазғы демалысты ұйымдастыру бастамасын қозғады.

Қордың Жетісу облыстық өкілдігінің басшысы Әлия Ахмедиева былай деді: «Облыста балалар үшін табиғаты бай, тамаша демалыс орындары бар. Біз жергілікті атқарушы органдарға да, Оқу-ағарту министрлігіне де су басу аймағындағы балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша нақты ұсыныстар жолдаймыз».

Түркістан облысындағы өкілдік зардап шеккен өңірлердегі үйлерді қалпына келтіріп, қайта салу үшін оңтүстік аймақтардан ерікті отрядтар жіберуді ұйымдастыруды өз қолына алуға дайын. Өкілдік басшысы Әдемау Толысбаеваның айтуынша, қазір бұл мәселе Қордың Жамбыл облысындағы өкілдігімен бірлесіп пысықталуда.

Ақтөбе облысындағы ҚҚ өкілдігінің басшысы Александр Мандрыкин алғашқы күннен бастап құтқару жұмыстарына, еріктілер отрядтарын жұмылдыруға қатысып, үйі толығымен су басқан Алғалиевтер отбасына Қор атынан құрылыс материалдарын сатып алуға көмек көрсеткені туралы баяндады. «Су тасқынынан алған сабақты мұқият зерделеу керек, тәжірибелі мамандарды тарта отырып, су жинау орындарын, судың жүру жолдарын, нығайту жүйелерін тексеру қажет»,- деді А.Мандрыкин.

Жиынды қорытындылай келе, штаб мүшелері шұғыл көмектен бастап қалпына келтіру жұмыстарының барысын ұйымдастыруға дейінгі барлық кезеңдегі іс – қимылдарды нақты үйлестіру қажеттігін атап өтті.

«Қазір барлық тараптың, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық волонтерлік ұйымдардың күш-жігерін шоғырландыру қажет. Осы күрделі кезеңдегі азаматтық тұрғыда белсенділік таныту өзегі ерекше», — деп қорытындылады директор Қуаныш Жарлықас.

Айта кетерлігі, су тасқыны кезінде «Әділдік және Өркендеу» Қорының барлық 7 қоғамдық қабылдауы апатқа байланысты қиын жағдайға тап болған тұрғындарға гуманитарлық жүктерді жинау және жеткізу, сондай-ақ еріктілерді үйлестіру міндеттерін атқарып жатыр.