Ерболат Айнабеков : «Димаш үлгі болып өзге де елге белгілі тұлғалар, ауқатты азаматтар халыққа бұрылады»

0
Журналист Ерболат Айнабеков Facebook парақшасында  су тасқынынан зардап шеккендерге көмек береміз деп, қиын сәтті пайдасына жаратуға тырысып жатқан бар екенін айтты. 
Бұрын «атақты боксшы Мэнни Пакьяо туған еліндегі тұрмысы төмен отбасыларға үй салып беріпті, Садио Мане туған ауылындағы адамдарға ақшалай көмектесіпті» деген жаңалықтарға қызғана-а-а қарайтын едік. Біздің елден де сондай тұлға шықса ғой деп. Димаш Құдайберген су тасқынынан зардап шеккендерге өз қалтасынан 15 миллион теңге беріпті дегенді естігенде ішім жылып қалды. Мәселе, аударған ақшаның көлемінде емес, әлемдік деңгейде танымал тұлғаның ел басына күн туғанда халыққа бұрылғандығында. Димаш үлгі болып өзге де елге белгілі тұлғалар, ауқатты азаматтар халыққа бұрылады. Бұл жолы болмаса, келесі жолы. Димаш Құдайбергенов ақша аударып қана қоймай, елдің жағдайын өз көзімен көрмек ниетте Құлсарыға ат басын тірепті. Су тасқынының зардаптарын жоюға атсалысып жатқан азаматтардың хал-жағдайын біліп, алғысын да жаудыра кеткен.
Кеше Павлодар мен Абай облыстары төтенше жағдай режимінен шықты. Бұл өңірлерде ахуал тұрақталды. Алайда, батыс өңіріндегі жағдай мәз емес сияқты. Қазір үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тапсырмасымен 10 мыңға жуық адам батыс өңірлердегі су тасқынының екінші толқыны бола қалған жағдайда іске кірісуге дайын отыр. Бұл іске төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлерінен бөлек, әкімдік, ішкі істер, ұлттық ұлан, қорғаныс министрлігінің қызметкерлері жұмылдырылмақ. Төтенше жағдай қайталана қалған жағдайда Батыс Қазақстан облысында 6 мың, Атырау облысында 4 мың адам сақадай сай отыр. Өзге өңірлерден техникалар алдырылған.
«Шындық — жалғыз, сұмдық – мың». Осындай ел басына күн туған сәтті пайдасына жаратуға тырысып жатқан пысықайлар табылып жатыр. Елдің пейілін, ықыласын пайдаланып, алаяқтық әрекеттерге барып жатқандарды естіп жатырмыз. Арнайы көмек қорын ашып, ағайынның аппақ ниетінен ақша сауғысы келетіндер көбейіп кетті. Сондықтан да су тасқынынан зардап шеккендерге арналған қорлардың бәріне сене бермеуге шақырар едім. Тек сенімді дереккөздерінен ақпарттаныңыздар.
Бұл жалғыз қаржылық-қорларға қатысты ескертпе емес. Жалпы су тасқынына байланысты қандай да бір ақпарат алу үшін сенімді дереккөздерге жүгінген жөн. Дақпырт сөзге еріп онсыз да абыр-сабыр болып жатқан жұртты одан сайын әбігерге түсірмейік.