Қазақстандық олигархтардың қайсысы су тасқынынан зардап шеккендерге қол ұшын созған жоқ

0

Қазақстанның бірнеше өңірі су тасқынынан зардап шекті, мыңдаған отандастарымыз үйлерін уақытша тастап кетуге мәжбүр болды, ал мыңдағаны баспанасынан айырылды. Мемлекет басшысы бизнес өкілдерін шетте қалмай, көмек қолын созуға шақырды. Бірақ кейбіреулер әлі де үнсіз және олар қайырымдылық жасаудың қажеті жоқ деп ойлайтын секілді. Ulysmedia.kz сайты Forbes рейтингісіндегілердің қайсысы көмек қолын созғанын, қайсысы үндемей қалғанын, қайсысы жасаған жақсылығын жарнамалағысы келмейтінін сараптап көрді. 

Қандай компаниялар отандастарымызға көмек ретінде қаражат бөлді

Бірқатар квазимемлекеттік және жекеменшік компаниялар қазақстандықтарға көмек көрсетуге жедел ден қойды. Ең қомақты соманы «Самұрық-Қазына» АҚ жасады – 15 млрд теңге, одан кейін «Қазақстан халықына» қоры – 5 млрд теңге, ал Қазатомөнеркәсіп үздік үштікті – 3 млрд теңгемен түйіндеді.

  • Теңізшевройл – 2 млрд теңге;
  • Chevron – 1,3 млрд теңге;
  • Kazminearls және Қазақмыс – 800 млн теңге;
  • ERG – 400 млн теңге.

Банктер де шет қалмады, мысалы, Тимур мен Динара Құлыбаевтарға қатысы бар Халық банкі 1 миллиард теңге жіберді. Freedom holding корпорациясының иесі Тимур Турлов – 1 миллиард теңге, Вячеслав Ким мен Михаил Ломтадзенің Kaspi банкі 620 миллион теңге аударды.  Кәсіпкер Болат Өтемұратов өз қоры арқылы 680 миллион теңге қайырымдылық жасады.

BI group пен Qazaq stroy құрылыс компаниялары су тасқынының салдарымен күресу үшін әрқайсысы 500 миллион теңгеден бөлді. Дәл осындай соманы Нұрлан Смағұловтың «Астана Моторс», Андрей Лаврентьевтің Аллюр және Қармет компаниялары да аударатын болды.

Кімнің көмегі туралы айтылмай қалды

Президент олигархтарды Қазақстан халқына көмектесуге шақырғанына қарамастан, олигархтың бәрі бірдей өз отандастарына көмек қолын созуға дайын емес екен. Бірқатар байлардың бизнесі мемлекеттік субсидиялардың және кейде сол олигархтардың өнімдерін сатып алуға соңғы ақшасын беретін қарапайым азаматтардың арқасында өркендеп жатыр. Оның үстіне екі жыл бұрын мемлекет басшысы олигархиялық капитализмнің жойылып, бизнестің отандастар алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің басталғанын атап өтті.

– Қазақстандағы олигархиялық капитализм дәуірі аяқталып, ел азаматтары алдындағы әлеуметтік жауапкершілік кезеңі басталады. Біздің азаматтарға ел экономикасында жетекші орындарды иеленетін тиімді және әлеуметтік жауапты бизнес қажет», — деді ол.

Дегенмен су тасқынына қатысты күрделі ахуал әлі де болса елдегі байлардың кейбіріне маса шаққан құрлы болмаған секілді.

Мысалы, Сәрсеновтер отбасы Forbes рейтингінде сегізінші орында тұр. Олардың байлығы өткен жылы 950 миллион доллар деп бағаланған. Ірі холдингтердің бірі – «Нұрбанк» АҚ, сондай-ақ Helios жанармай құю станциялар желісі, Алматыдағы Ақсай нан зауыты, «Французский дом», Beautymania, Beauty Planet және Imperial Home сауда желілері және т.б. Басқа банкирлер миллиондаған сома аударып жатқанда, олардың материалдық көмек көрсеткені туралы ақпарат жарияланған жоқ.

Беловичтер отбасы Форбес Қазақстан тізімінде 10-орынды иеленеді. Олардың байлығы – 790 миллион доллар. Александр Белович ұлы Павелмен бірге «Базис-А» құрылыс корпорациясына иелік етеді. Зардап шеккендерге көмектескені туралы еш жерде айтылмады, ал BI Group деген тағы бір ірі компания, керісінше, көмек қорына 500 миллион теңге жіберген.

Форбс Қазақстан тізімінде 14-ші қатарда Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаева тұр. Экс-президенттің үлкен қызының қандай активтері барын елестету қиын, бірақ әлемнің түкпір-түкпіріндегі сәнді үйлер туралы мәлімет бұқаралық ақпарат құралдарында мезгіл-мезгіл шығып тұрады. Бұл ретте Forbes рейтингтің 29-шы қатарында тұрған ұлы Нұрәлі Әлиев екеуінің иелегінде «Европа плюс Қазақстан» ЖШС бар  екенін, ол арқылы «Radiocity» телерадиокомпаниясы ЖШС және НТК телеарнасынан пайда көріп отырғанын анықтады. Алайда олардың қайырымдылық көрсеткен-көрсетпегенін ешкім білмейді. Оның үстіне олардың 155 миллион доллар байлығы бар туысы Нұрбол Назарбаев та үнсіз қалды.

Рейтингтің 17-ші қатарында Владимир Жұманбаев тұр. Оның байлығы 440 миллион долларға бағаланған. «Вертекс Холдинг» ЖШС арқылы «Goldstone Minerals» АҚ-ның акцияларын бақылайды және «Kaz Green Energy» ЖШС мен «Unitair» ЖШС акцияларына ие, сондай-ақ «АК Алтыналмас» АҚ, «Қаражыра» АҚ акцияларының 20%-на иелік етеді. Қазақстандықтарға көмек қолын созғаны туралы ақпарат жоқ.

418 млн доллары бар Сергей Кан және 398 млн доллары бар Александр Клебанов «ЦАЭК» АҚ және  «ЦАТЭК» АҚ акцияларына теңдей иелік етеді. Соңғысының есімі Екібастұздың ЖЭО-да болған апатқа байланысты қазақстандықтарға етене таныс. Алайда Клебановтар тапқан табысынан зекет беруді ойлап отырмаған секілді.

Forbes нұсқасы бойынша Фаррух Махмудов 385 миллион доллар байлығымен 22-орында тұр. Ол автосалондарға иелік ететін «Орбис Қазақстан» компаниялар тобын, сондай-ақ «Ақсайгазсервис» АҚ және «Автодом» ЖШС мұнай сервисін құрды. Оның қайырымдылық көмегі туралы да ештеңе білмейміз.

Одан кейін 360 миллион доллар байлығымен Сейітжановтар отбасы тұр. Олар «Оңтүстік ФТПК», мұнай-газ бойынша «Саутс Ойл» ЖШС, бұрғылау бойынша «Смарт-Ойл» ЖШС, «Стандарт Цемент» зауыты, құрылыспен айналысатын «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС және «Ақ-Жол ТрансСервис» ЖШС-іне иелік етеді. Аты аталған олигархтардан көмек қорына бір тиын да түспеген.

Сондай-ақ, келесі тұлғалардан келген көмек туралы ештеңе білмейміз:

  • Қайрат Итемгенов – $323 млн, «Aqniet Group» ЖШС («Еврофарма» және «АрзанФарм» дәріханалары), қонақ үй бизнесі.
  • Мұқашевтар отбасы – $310 млн, алтын өндіруші Zar Kuh Mining Company, Eurasia RED дамыту компаниясы.
  • Данияр Абулғазин – 290 млн доллар, жанармай құю станциялары және басқа да компаниялар.
  • Эдуард Ким – $279 млн, «Технодом операторы» АҚ негізін қалаушы және иесі, азық-түлік жеткізу.
  • Бахаридин Аблазимов – 238 миллион доллар, «ҚазАзот» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы, сонымен қатар әртүрлі ЖШС акцияларының иесі.
  • Александр Гарбер – $233 миллион, Prima Distribution LLP тұтыну тауарларының дистрибьюторының иесі.
  • Айдан Кәрібжанов – 226 миллион доллар, «Visor Kazakhstan» ЖШС арқылы жел энергиясын өндіретін компанияларға иелік етеді.
  • Серік Толбасы – $220 млн, құрылыспен айналысады, атап айтқанда, «Достық Плаза» және «Шымкент Плаза» сауда орталығы, Алматы және Шымкент қалаларындағы Cinemax кинотеатрлар желісінің иесі.
  • Яков Цхай – 214 миллион доллар, «Достар» компаниялар тобының иесі.
  • Серік Толықпаев – $202 млн, құс етін өндіру, өңдеу және тарату саласындағы 15-тен астам кәсіпорынды қамтитын Aitas KZ компаниялар тобының негізгі акционері.
  • Алмас Мыңбаев – $198 млн, Nomad өмірді сақтандыру компанияларының акционері.
  • Қайрат Мәжібаев – 185 миллион доллар, RG Brands АҚ осы Қ.Мәжібаевтың иелігінде.
  • Алмас Сұлтанғазин – $182 млн, Sulpak және Alser акцияларының басым бөлігін иеленеді.
  • Сайдулла Қожабаев – $170 млн, Alageum тобының негізгі иесі.
  • Ерлік Балфанбаев – $165 млн, Alina компаниялар тобының негізін қалаушы.
  • Қаппаровтар отбасы – $110 миллион, құрамында ER SAY Caspian Contractor және Zhandig-S ЖШС мұнай сервистік компаниялары, Tin One Mining тау-кен өндіруші компаниясы және т.б. кіретін Lancaster Group-тың үлесі бар.
  • Марат Сәрсенов – $105 млн, «Исткомтранс» ЖШС ірі теміржол операторының иесі.
  • Арманжан Байтасов – 89 миллион доллар, бірқатар БАҚ-та акциялары бар.
  • Александр Дериглазов – $87 миллион, Meloman/Marwin сауда желісінің иесі.

Аттары аталған бизнесмендер, мүмкін, су тасқынынан зардап шеккендерге өз көмектерін басқа қорларға ақша аудару арқылы да жасап жатқан шығар. Мұндай нұсқаны сызып тастай алмаймыз.

Елімізде су тасқынынан зардап шеккен қанша адам бар және не істеу керек?

Су тасқынына байланысты Қазақстанның 9 облысында: Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жарияланған жергілікті жердегі төтенше жағдай режимі әлі де күшінде.

Соңғы мәліметтер бойынша, су тасқыны басталғаннан бері 96 472 адам құтқарылды, оның 31 640-ы – бала. 7,6 мыңнан астам адам әлі де уақытша орналастыру орталықтарында. Қайтыс болғандар бар.

Бұл ретте су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің зардаптарын жою жөніндегі республикалық штаб отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен азаматтарға барлық қажетті көмек көрсетілетінін айтты.

— Ол үшін үкіметтің де, әкімдіктердің де резервтері де, «Қазақстан халқына» қорының қаражаты да пайдаланылуы керек. Мен отандық бизнестің барлық өкілін осынау жауапты сәтте шет қалмай, халыққа көмек қолын созуға шақырамын. Табиғи апаттан зардап шеккен барлық тұрғын мен өңірлерге барынша қолдау көрсету қажет. Бүгінде бұл бәрімізге ортақ міндет. Қатты су тасқынынан зардап шеккен батыс өңірлерде көптеген ірі кәсіпорындар бар. Олардың қатарында «Самұрық-Қазына» қорының құрамына кіретін компаниялар да, кен орнын игерумен айналысатын компаниялар да бар. Олар адамдарға қажетті көмек көрсетіп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге белсене атсалысатынына сенімдімін», — деді президент.

Кейін Ақорда мемлекет басшысының өңірдегі су тасқыны жағдайын бақылап отырғанын хабарлады. Су басу қаупін азайту бойынша барлық шара қабылдануда және күшейтіледі. Сондай-ақ ол азаматтардың шығыны өтеледі деп сендірді.

Ulysmedia.kz Қазақстанның су тасқынына қарсы «мол тәжірибесін» бұған дейінгі мақалада тәптіштеп жазған.

P. S.: Осы мақала шыққаннан кейін, келесі күні олигарх өкілі Дінмұхамет Ыдырысова редакциямен байланысып, материалға «Ordabasy Group» холдингіне кіретін «Қазақстандық коммуналдық жүйелер» компаниялар тобы су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға қайырымдылық көмек ретінде 300 млн теңге бөлгені туралы ақпарат қосуды сұрады.