«Павлодар-Түркістан» бағытындағы пойызда қыз бала дүниеге келді
«Павлодар-Түркістан» бағытындағы жолаушылар пойызында қыз бала дүниеге келді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Жолаушылар тасымалы АҚ
Жас ана Зейнеп Әбдікәрімова жүктіліктің соңғы айында анасымен бірге Павлодардан Түркістанға №46 пойызбен жолға шыққан. Жол барысына жолаушының толғағы басталды.
Вагонның екі жолсерігі Анар Амандықова мен Назерке Талғарбаева әйелді аман-есен босандырып, қажетті алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Қыз бала 10 сәуірде сағат 16:30-да дүниеге келді.
Пойыз жолаушылары баланың дүниеге келу сәтіне куә болып, жаңа туған нәрестенің анасы мен әжесін құттықтап жылы сөзін айтты.
Пойыз бригадасы лауазымдық нұсқаулыққа сәйкес жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақырды.
Вагонда босанған әйелге көмек көрсету үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Сарышаған станциясына келгеннен кейін жас ана мен қыз баланы жедел жәрдем қызметкерлері қабылдады.
Жаңа туған нәрестенің есімін Мереке деп атаған.