Бүгін Қаныш Сәтбаевтың туғанына -125 жыл

0

Әр халықта мемлекеттің дамуына орасан зор үлес қосқан тарихи тұлғалары бар. Олардың ішінде қоғамға танылу иерархиясында айрықша орын алған көшбас­шылар ерекше дараланып тұрады. Ғалым, академик, патриот, отандық ғылымның негізін қалаушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – осындай бірегей тұлға.

Қаныш Сәтбаев және отандық ғылым

Қазақ КСР Ғылым академиясын ашу туралы мәселені талқылау. Оңнан солға қарай: КСРО ҒА-ның президенті В.Л.Комаров, Қазақ КСР Халық Комиссарлары Советінің төрағасы Н.Оңдасынов, В.А.Белый, Қ.И.Сәтбаев. 1946 жыл

Әрқашан бірінші болу – академик Қ.Сәтбаевтың табиғатына тән құбы­лыс іспеттес. Қаныш Имантайұлы қазақтар арасынан шыққан тұң­ғыш кәсіби инженер-геолог, тұңғыш ғылым докторы, КСРО Ғылым академиясының тұңғыш академигі, Қазақ КСР Ғылым академиясы­ның негізін қалаушы, оның тұң­ғыш президенті, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың тұңғыш лау­реаты.

Жыл сайын 12 сәуір Қаныш Имантайұлының туған күніне орай елімізде Ғылым күні атап өтіледі. Жара­тылыстану ғылымдары сала­сындағы үздік жетістікке Қ.Сәтбаев атындағы сыйлық тағайындалған.

Қ.Сәтбаевтың даңқты есімі қала, универ­си­тет, тау-кен металлургия комбинаты, ме­мо­риалдық музей, институттар, мек­теп­тер мен көшелердің атауларында мәң­гі сақталған. Оның құрметіне еліміз­дің көп­теген қаласында ескерткіштер орнатылды.

Академиктің ғылыми мұрасы 800-ге жуық мақаланы қамтиды. Оның редакциясымен Қазақ КСР Ғылым академиясының 30-дан аса ғылыми еңбек жинағы жарық көрді.

Ғалым ретінде Қаныш Имантайұлы еліміздегі ірі пайдалы қазбалар кен орындарын ашып қана қоймай, оларды өндіру және қайта өңдеуге өндірістік база құруға баға жетпес үлес қосты. Бұл елімізді кеңес одағындағы ірі өнеркәсіптік өңірлердің біріне айналдыруға себепші болды. Оның жетекшілігімен алғаш рет Қазақстан­ның пайдалы қазбаларының әлемдік геологиялық тәжірибеде теңдесі жоқ картасы жасалды.

Ұлы тұлғаның Жезқазған кен орнында темір-марганец кендерін барлау мен игерудегі еңбегі орасан, бұл кен орнының өнімі Екінші дүние­жүзілік соғыс жылдарын­да кеңес одағының болат өнеркәсібін дамытуда шешуші рөл атқарды.

Ғалымның  көрегенді­лігі оның Атырау және Маңғыстау пай­далы қазбалар кен орын­дары­­ның байлығы туралы батыл ғы­­лыми болжамында да бай­қал­ды. Кейінірек оларды игеру акаде­миктің ғылыми болжа­мы­ның қаншалықты дәл болған­дығын айқындай түсті.

Қаныш Имантайұлы 1941 жылы КСРО Ғылым академия­сы­­ның Қазақ филиалын бас­қар­ған кезде оның көрнекті ғалым әрі ғылымның білгір ұйым­дас­тыру­шы ретіндегі таланты толық ашылды. Сұрапыл соғыс жылдарымен қатар келген таңқаларлық қысқа мерзім ішінде ол кеңестік ғы­лымдағы іс жүзінде елеусіз бол­ған қарапайым ұйымды бү­кіл республиканың нағыз «ғы­лыми штабына» айналдыра отырып, жаңа типті мекеме етіп қалыптастырды.

Сатбаев

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Сол кездің өзінде-ақ Қ.Сәтбаев асқан көрегенділікпен академияны ғылымның барлық саласын біріктіретін күш ретінде жариялады. Ол: «Академияның күші – бұл барлық ғылымдар қиысатын фокусты құрауында, тұтастай алғанда ғылымның барлық салаларын бейнелеуінде. Өндіріспен органикалық түрде байланыс­қан, өндіріске көмектесетін және оны жоғары технология­лық деңгейлерге бағыттайтын, сонымен бірге өзі де сол өндірістен күш-қуат алып, бағытын анық­тай­тын ғылым ғана шын мәнінде озық ғылым» деп жазды.

Осы бағытты ұстанған Қаныш Имантайұлы ғылыми-зерт­теу институттарын құрып, рес­пуб­ликаның ірі кәсіпорындарын­да олардың филиалдары мен бөлімшелерін ұйымдастырудың бастамашысы болды, өңірлерде көшпелі ғылыми сессиялар өткізді. Ол ғылымның барлық ба­ғыт­тары мен практиканың дәл осылай ұштасуы ғана қуатты эко­номикалық серпіліс тудыратын жағдай екенін терең сезіне білді. Сондай-ақ қолданбалы мін­дет­терді шешудің қайталанбас негізі іргелі ғылыми зерттеулердің озық дамуына ерекше назар аударды. Оның тұсында ғылымның барлық дерлік бағыттары бо­йынша бейінді ғылыми ұйым­дар көптеп ашылды. Қ.Сәтбаев­тың академия басшысы, ғалым ретіндегі сіңірген ерен еңбегі мойындалып, ол КСРО Ғылым академиясы президиумының мүшелігіне сайланды.

Академиктің қызығушылы­ғы жан-жақты еді. Ол Қазақ КСР эко­но­микасын дамыту бойынша көп­теген стратегиялық маңызды бағыттардың бастамашысы болды. Бұған бір мысал ретінде оның Орталық Қазақстанды суландыру жөніндегі бағдарламасын келтірейік. Қаныш Имантайұлы Ертіс-Қарағанды каналының жобасын негіздеп, оны жүзеге асыруға белсенді үлес қосты. Бойындағы табандылық пен қағидатшылықтың арқасында оның құрылысына қол жеткізді. Бұл каналдың бүгінде оның атымен аталатыны – үлкен мақтаныш.

Ғалым ретіндегі Қ.Сәтбаев фе­номенінің негізі ғылымның түр­лі бағыттары бойынша терең білі­мінде ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне деген үлкен қызы­ғу­шылығында жатыр. Ол ұлты­мыздың ауыз әдебиетін, халық шығармашылығын мұ­қият зерттеді, көнекөз қария­лармен бар ынта-жігерімен әңгі­мелесіп, ел аузынан әртүр­лі топонимдердің шығу тегін түсін­діретін ертегілерді, әпсаналарды, аңыз әңгімелерді жазып алды.

Ғалым Ұлытау жотасындағы Алтыншоқы баурайынан та­был­ған тастағы араб жазуларын тұңғыш зерттеп, бұның Әмір Темірдің бұйрығымен жазылғанын және оның қазақ даласына, Алтын Орда ханы Тоқтамысқа қарсы жасаған жорығы туралы ақпаратты қамтитынын дәлелдеді, бұл әлемдік ғылым үшін теңдессіз үлкен жаңалыққа айналды. «Ер Едіге» халық эпосының әртүрлі нұсқаларын мұқият қарастырып, оның мәтінінің жаңа редакциясын дайындады. Бұл Қазақстанның ортағасырлық тарихын зерттеуге қосылған елеулі үлес болды. Ол сонымен бірге М.Әуезовтің «Абай жолы» романының маңызын бірінші болып бағалады, белгілі этнограф Александр Затаевичке 25 халық әнін тапсырды, театр, өнер, мәдениет және жастарды тәрбиелеу туралы көптеген еңбектер жазып қалдырды.

Бүгінгі таңда осындай ұлы тұлғаның есімін есте сақтау ғана емес, сонымен қатар академик Қ.Сәтбаевтың болашақ ұр­паққа қалдырған мұрасын игеру, ғылымды, экономиканы да­­мыту, халықтың өмір сүру сапа­­сын арттыруға ол белгі­леген қағи­даттарды ұстану аса маңызды.

Кеңестік ғылымның, оның ішінде, Қазақстан ғылымының қа­лып­тасу, даму тарихын талда­ғанда «сол кезеңнің ғылымы қа­лайша салыстырмалы түрде қыс­қа мерзім ішінде ауқымды жетіс­тіктерге қол жеткізіп, жас мемлекеттің экономикалық өсуінің қозғаушы күшіне айналды?» деген сұрақ еріксіз түрде ойға оралады.

Бұл сұрақтың жауабы –  ғылым­ның озық дамуына басты мән берген сол кездегі дұрыс мемлекеттік саясат. Ғылымға ресурстар бөлу жалпы мемлекет­тік басымдық болды және бұл ешқашан күмән туғызбады. 70-жылдардың ортасында ғылымды қаржыландыру көлемі елдің жалпыұлттық өні­мінің шамамен 3%-ын құра­ды, бұл қазіргіден 20 есе көп. Бар­лық деңгейде таланттарды із­деу, оларды қолдау бойынша жұ­мыс жүргізілді, соның ар­қа­сында ғылым дамуының ерекше қар­қыны бүкіл қоғамды қамтыды.

Осының нәтижесінде барлық жерлерде бейінді ғылыми-зерт­теу институттары ашылып, ал олар­дың материалдық-техни­ка­лық жабдықталуы мемлекеттің ерекше бақылауында болды. Іргелі зерттеулердің басымдық­тары ел алдында тұрған страте­гия­­лық міндеттерге, ал қолдан­ба­лы зерттеулер – экономика мен қо­ғамның ағымдағы және бол­жамды қажеттіліктері­не негіз­­делді. Ғылымға Қаныш Сәт­баев­тың замандастары – жазу­шы және әдебиеттанушы Мұхтар Әуезов, композитор Ахмет Жұбанов, химик Әбікен Бек­тұров, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш академик, физиолог Найля Базанова, археолог және этнограф Әлкей Мар­ғұлан, энергетик Шапық Шөкин, тағы басқа көптеген ойшыл, шығармашыл тұлғалар тартылды, кейін олар көрнекті ғалымдарға айналды.

Өкінішке қарай, бұл тамаша тарихи тәжірибе еліміз тәуел­сіздік алғаннан кейін ес­керіл­меді. Өтпелі кезеңнің күрде­лі­лігіне төтеп бере алмай, эконо­микада жеңіл және жылдам жеңістерге жету бағыты белең алды да, ғылымда айтарлықтай нәтижелерге тек тынымсыз, ұзақ қажырлы еңбектің арқасында қол жететіндігі туралы қарапайым ақиқат ұмытылды.

Тіпті жекелеген реформаторлар отандық ғылымды дамытуға қаражат жұмсамай, шетелдік тех­нологиялардың импортына басымдық беруді, ғылымды қажет ететін өндірістерді қолдау­дан бас тартуды ұсынды. Мұндай саясат бізді басқа елдерге тәуелді «шикізат қосымшасына» айналдыратыны айдан анық еді. Осындай үрдістер кесірінен Ұлттық Ғылым академиясының рөлі төмендеп, бейінді ғылыми ұйымдарды оңтайландыру шаралары зердесіз жүргізілді.

Ғылымның басты негізі – іргелі зерттеулер қатты әлсіреді. Зерттеу қызметінің ерекшеліктері ескерілмей, ғылыми зерттеулерге мемлекеттік тапсырысты орналастыру, ғылыми ұйымдардың инф­рақұрылымын жаңарту рәсі­мі мемлекеттік сатып алу туралы заңның нормативтерімен рет­телді. Бұл іргелі және страте­гия­­лық ғылыми зерттеулер база­сы­ның күйреуіне, ғылыми ұйым­дарды материалдық-техникалық ж­арақтандыру жүйесінде бюро­кратиялық әуре-сарсаңның өріс­теуіне әкеп соқты, соның салдарынан ғалымдар моральдық ескірген және физикалық тозған зертханалық және ғылыми жабдықтармен қалды.

Әсіресе ғылымды қаржылан­дыру көлемінің елдің ІЖӨ-нің 0,13%-ына дейін күрт қысқаруы қиынға соқты. Экономикалық дамыған елдермен салыстыратын болсақ, ішкі жалпы өнімдегі ғылымға бөлінетін шығындар Израильде –  4,9%, Кореяда – 4,6%, Тайваньда – 3,5%, Швецияда – 3,4%, Жапонияда – 3,2%, АҚШ-та – 3,1%, Қытайда  2,2%-ды құрайды.

Ғалымдардың орташа айлық жалақысы қатардағы мемлекеттік қызметшіге қарағанда 1,5 есе төмен болды. Салыстыру үшін айтайын, «Сәтбаев» кезеңінде бірінші санаттағы институт ди­ректорының жалақысы эко­но­мика бойынша орташа жал­ақы­дан 12 есе, ал аға ғылыми қыз­меткердің, яғни еңбек өтілі бар ғылым кандидатының жалақы­сы жеті есе артық болған.

Қазіргі уақытта отандық ғылым алдына экономикалық өсуді жеделдету, қоғам алдында туындайтын сын-қатерлерге дұрыс төтеп беру қажеттілігінен туындайтын үлкен міндеттер қойылып отыр.  Шын мәнінде, бізге – тәуелсіздіктің отыз жылында кенжелеп қалғанды қуып жетіп, отандық ғылымды заманауи талаптар рухында жандандырудың тарихи миссиясы жүктеліп отыр. Сондықтан академик Қ.Сәтбаев қалдырған баға жетпес мұраны дамыған елдер ғылымының озық үлгілерімен ұштастырып, олардың артықшылықтары мен жетістіктерін шынайылыққа бейімдеу арқылы пайдалануымыз аса маңызды болмақ.

Ең алдымен, ғылымның қоғам­дағы рөлі туралы қалыптасқан көзқарасты түбегейлі өзгерту керек. Ғылым ауыртпалық (ресурстарды сіңіріп алып, оның орнына ештеңе бермейтін «қара құрдым») ретінде қабылдан­бауы керек, ол  экономика мен қоғам үшін нақты, пайдалы ресурс болуға тиіс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған үнемі баса назар аударып келеді. Оның тіке­лей бастамасымен елде отан­дық ғылымды бұрын-соңды бол­маған қаржылық қолдау басталды. Бірақ бұл көмектен нақты нәтиже шығару үшін ғылым барлық салаларда, даму мен шешім қабылдаудың барлық дең­гейлерінде мемлекеттік ба­сым­дықтардың қатарына қайта әрі түбегейлі енуі керек.

Біріншіден, ғылымды қаржы­ландыру елдің ІЖӨ-нің кем дегенде 1%-ына дейін өсуі керек. Қазір­гі әлемде бұл – тым болмаған­да технологиялық дамудың орташа деңгейіндегі елдердің легіне ілесуге мүмкіндік беретін, озық әлемдік инновацияларды түйсініп, оны өзімізге бейімдейтін қабілетімізді сақтау шегі.

Екіншіден, бүкіл ғылыми орта түбегейлі өзгеруге тиіс. Қар­ж­ы­ны бөлу мемлекеттік басым­дық­тармен, бизнес пен қоғамның өзекті мәселелерімен тығыз байланысты болуы керек. Ғылыми әлеуетті дамытуға қатысты ше­шімдер технологиялық көш­басшы елдердегідей салауатты прагматизм мен әділ бәсеке­лес­тік негізінде кәсіби түрде қабылдануы қажет.

Ғылыми ұжымдардың басшы­лығына тек қана меритократия қағидаттары негізінде іріктелген, өздерінің кәсіби қабілеттері, құзыреттері мен іскерлік қа­сиет­терімен жұртшылық арасында кең танылғандардың, яғни ҒЗИ мен ЖОО басшыларына қойылатын заманауи көр­сеткіштерге барынша кәсіби тұрғыдан сай  тұлғалардың келуі өте маңызды.

Үшіншіден, экономика­ның өрлеуіне ғылыми зерттеу­лер­дің практикалық ықпалын көрсететін шынайы және прагматикалық нәтижелері бар ғылымды дамыту­дың нақты, ғылыми негізделген стратегиясы қажет. Ғылыми зерт­теулердің басым бағыт­тары қазір­гідей ғалымдардың мүм­кіндіктері­не емес, академик Қ.Сәтбаев көрегендікпен ұсынып, іс жүзінде жүзеге асырғандай, мемлекеттің қажеттіліктеріне негізделуге тиіс. Жоғары білім мен ғылымды дамытудың қазіргі тұжырымдамасы бұл міндетті толық орындай алмайды.

Төртіншіден, отандық ғы­лым­ды реформалауда ғалым­дар­дың өздері, әсіресе үздік жетіс­тіктерімен заманауи отандық зерттеушінің «моделі» ретінде танылған тұлғалар ерекше рөл атқаруға тиіс. Бақытымызға орай, елімізде бұндай ғалымдар жет­кілікті, сондықтан олардың әлеуе­тін біріктіру үшін Ұлттық Ғылым академиясының мәрте­бесін көтеру туралы шешім қабылданды.

Академия – ғылым саласын­дағы тағы бір мемлекеттік орган емес және ғалымдарды бас­қара­тын кезекті әкімшілік жүйе емес. Академия – бұл ғалымдар­дың тамаша тоғысы, Қазақстан­ның барлық ғылыми ресурсын жұмылдырушы,  ел экономикасын және жалпы қоғамды барынша тиімді дамытуға бағытталған ашық алаң.

Академик Қ.Сәтбаев қалып­тас­­тырған Ғылым академия­сының құндылықтары, оның ішін­дегі әртүрлі ғылыми бағыт­тағы жетекші ғалымдардың шо­ғыр­лануы, экономиканың өзек­ті мәселелерін шешуге бағ­дар­лану, әлемдік ғылыми жүйеге ықпалдасу – қазіргі таңда Прези­дент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жаңа миссия­сын қалыптастырып отыр.

Бесіншіден, «пәнаралық» (междисциплинарлық) ұғымын бәрі бірдей түсіне бермейтін, сәнді сөз етіп қолданудан алшақтай­тын кез жетті, ол енді стратегия­­лық ғы­лыми зерттеулердің нақ­ты тетігі­не айналуға тиіс. Мұнда да біз бі­лімінің жан-жақтылығы арқа­сында ірі ғылыми-практика­лық мәселелерді, әртүрлі ғылыми бағыттарды біріктіре отырып тиімді шешкен академик Сәтбаевтың тәжірибесіне сүйе­нетін боламыз.

Бұл ретте, ресми институцио­налдық шекаралары жоқ Акаде­мияның рөлі – басты әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешу үшін ғылыми мегажобалардың бастамашысы болу. Шешілуге тиіс мәселенің іргелі білімнен бастап оларды практикалық қол­дануға дейінгі барлық аспекті­лерін қамтитын осындай мегажобалар ғылым, мемлекет және бизнес ресурстарын біріктіретін болады, танымал ғалымдарға талантты жастармен қатар жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Академия бұл жұмысты бас­тап та кетті: стратегиялық ма­ңыз­ды, интеграцияланған ғылы­ми-техникалық бес бағ­дар­лама әзірлеп жатыр. Мысалы, академияның вице-прези­­­денті, белгілі биотехнолог-ғалым Дос Сарбасовтың басшылы­ғы­мен қазір елімізде ауыл ша­р­уашы­лығындағы заманауи биотехнологияны дамыту бойынша жоба дайындалып, ол ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруда елеулі серпіліс жасауға мүмкіндік береді.

Тағы бір маңызды мәселе – өңірлік ғылымның дамуы. Кезінде академик Қ.Сәтбаев тек зерттеу қызметінің ғана емес, сонымен бірге оның нәтижелерін өндіріске енгізудің жоғары өнімділігі мен тиімділігіне апаратын ең қысқа жол деп санап, ғылымды өңірлерде дамытуға ұмтылғаны кездейсоқтық емес. Дәл осы тәсілдің арқасында сол кезде Қазақ КСР экономикасында қарышты қадамдар жасалғаны белгілі.

Технологиялық дамыған ел­дер­дің табысының құпиясы неде? Мысалы, АҚШ-та әр штатта дерлік ірі ғылыми-зерттеу универ­ситеті бар, ол осы өңірдің экономикасын дамытудың «ми хабы», инновациялық орталығы болып табылады. Бұл жұмыс­ты тікелей штат губернаторы үйлестіреді.

Ал бізде жағдай мүлдем бас­қаша. Ғалымдар өңірдегі мәсе­лелерді білмейді, ал өңірлер ғалым­дардың мүмкіндіктерінен хабарсыз. Көптеген әкімдіктерде ғылыми ұйымдармен өзара ынтымақтасуға жауапты мамандар да жоқ.

Жуырда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында академия «Өңірдегі ғылым өңір үшін» атты жаңа бастама ұсынды.

Бірінші кезеңде жергілік­ті атқарушы органдардың бас­шы­лығымен құрамына облыс әкімі­нің орынбасары, өңірлік ғылыми ұйымдардың ғалымдары және бизнес-құрылымдардың өкілдері енетін ғылым және инновациялар жөніндегі Өңірлік кеңестер құру ұсынылады. Олар өндірісті ғылыми қамтамасыз етудің өңірлік проблемаларын зерделеп, шаруашылық жүргізуші субъектілердің инновациялық әлеуетін бағалай отырып, ғылыми білімді тарату орталықтарының жергі­лікті жерлерде жұмыс істеуін қамтамасыз етуі қажет. Со­нымен бірге ғылыми зерттеу­лер­дің басымдықтарын айқын­дап, жергілікті жерлердің ерекше­лік­терін ескере отырып, бар мәсе­лелерді шешу жолдарын әзірлеу­ге бас ғылыми ұйымдарға, Ұлттық Ғылым академиясына ақпараттық материалдар беріп отыруға тиіс.

Осы жол арқылы ғана жекелеген мәселелерді шешуге жалпы көзқараспен қараудан алшақтап, республиканың қолда бар ғылыми күшін әр өңірдің нақты міндеттерін нысаналы шешуге шоғырландыра аламыз. Өңірде ғылымды дамыту бойынша жұмыстың көрсеткіштерін облыс әкімдерінің қызметін бағалау рейтингіне қосу қажет болады.

Ал академия өз кезегінде өңір­лік университеттер мен ҒЗИ-ға жан-жақты қолдау көрсете­ді, қа­жет болған жағдайда акаде­мия­ның толық мүшелері мен шетел­дік серіктестерді тарта отырып, өңір­дегі ғылыми зерттеулер­ді дұ­рыс ұйымдастыруға көмек­теседі.

Шұғыл шешуді қажет ететін тағы бір мәселе туралы. Қазір ғылымда ғылыми дәрежесі бар қызметкердің орташа жасы 57-де, қызметкерлердің 15%-ы зейнеткерлік жасқа жетті. Сон­дықтан дарынды жастарды тарту есебінен ғылыми кадрларды жасарту проблемасын Ұлттық академия өз басымдықтарының қатарына қойып отыр.

Тәуелсіздік жылдарында ал­ғаш рет, жақында Ұлттық Ғылым академиясының жанынан Жас ғалымдар кеңесі құрылды. Қазір тиісті заңнамалық актілерге жас ғалымдардың мәртебесі, оларды мемлекеттік қолдау бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу бойынша ұсыныстар дайын­­далды. Қазақстанның жас ға­лым­дарына сыйлықтар таға­йын­­дауда, «Атамекен» ҰКП де­меу­­шілігімен жас ғалымдарды материалдық қолдаудың арнайы қорын құру жоспарланып отыр.

Отандық ғылымды дамытуда рефор­малардың табысты болуының кепілі – оның іргетасын қалап, қалыптасуына бірден-бір ықпал еткен тұлғалардың жетістік­тері­не сүйену. Осы істе Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі мен мұрасы әрқашан темірқазық болатыны сөзсіз.

 

Ақылбек  КҮРІШБАЕВ,

Президент жанындағы Ұлттық Ғылым академиясының президенті