«Адам құлағанда мұндай жарақат алмайды»: Бишімбаев сотында сарапшы Салтанат Нүкенованың қандай жарақаттар алғанын айтты (видео)
Әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында марқұм Салтанат Нүкенова қандай жарақат алғанын түсіндіру үшін сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров куәгер болды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сарапшы алқабилерге жарақаттарды маникенге салып көрсетті. Көк маркермен көгергендері, қызыл түспен сырылғандарды, жасылмен жараларды көрсетті. Айтуынша, бұл – ұрудан пайда болған сыртқы жарақаттар. Ол тек бас аймағының беткі жағындағы жарақаттарды салды, бұдан бөлек бастың артқы жағына да соққылар келтірілген дейді.
“Бас аймағына бет пен ми, бас сүйек кіреді. Бірнеше соққыдан субдуральды гематома пайда болып, ол миын езіп тастаған. Ауыр дәрежедегі жарақаттар келтірілген. Құлағаннан мұндай жарақаттар пайда болмайды. Ол үшін адамды шашынан ұстап, қабырғаға соғу керек. Ол да соққы салуға жатады”, – деді сарапшы.
Маманның айтуынша, марқұмның бетіне шамамен 13-14 рет соққы келген. Сондай-ақ айыпталушы жәбірленушіні қылқындырған болуы мүмкін.
Бүгін, 9 сәуірде сотта Салтанат Нүкенованың қазасы болған ресторандағы қызметкерлердің хат-хабарламалары оқылды. Олар Бишімбаевтың Нүкенованы соққыға жыққанын сезгендей болса керек.
Еске салайық, Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Бұдан бөлек экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі («Азаптау»), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы («Аса қатыгездікпен адам өлтіру») бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған еді.