«Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын…»

0

«Қазақстанда ойынға бәс тігуді бір орталыққа тағы да бергелі жатыр»

дейді, еліміздегі «аса мәртебелі ойыншылар.  Аты‑жөні белгісіз сыбырлағыштар «ережеде тағы да өзгеріс болғалы жатыр» депті… Бұл дегеніңіз отыз жыл бойы «жұмыртқадан жүн қырқып» келген «ескі Қазақстанның» әлі де тағынан таймағанын, оңы болмаса – солынан, солы болмаса – оңынан келіп, миллиардтарды жұтатын құлқынын тия алмай жатқанының белгісі болса керек. Олардың ішкі есебі бойынша, кез келген ойыншының тіккен бәсі мен одан алатын ұтысты «лайықты бір орталық» басқаруы тиіс екен. Сонда ғана ойын тамаша өтеді‑мыс… Сөйтіп, «құда да, құдағи да тыныш», ал орталық саусағын жыбырлатпай, миллиардтарды қалтасына тоғыта бермек… Не деген ғажап ой, не деген ақыл десеші!?

Сонымен, «ескі Қазақстанның» есін жияр түрі жоқ.  Көпшілік бұрындары да «бәс тігуді басқару» деген бір делдалдық орталық ашпақшы болған әрекетті ұмытқан жоқ. Осыдан үш жыл бұрын бір жас жігіт жоғарыдағы «өте лауазымды көкелердің» қолдауымен жекеменшік «Exirius» ЖШС дегенді ашып, пайда таппақшы болған. Арты үлкен дау‑дамайға айналып, соңы «қылмыстық іспен» аяқталған еді. Ол әрекет «ескі Қазақстанның» ең сүйікті әдісі еді: ойда жоқта бір делдал фирманы құра қояды, ол болса әрбір «бәстен» 4%-үлесті сыпырып‑сиырып алып отырады.  Сөйтіп, ол «аспанға қарап, жұлдызды санап» жатып‑ақ,  жылына 25‑30 млрд теңгені шытырлатып санап алмақшы екен.

Ол «орталықтың» бір ғана «міндеті» бар екен, ол – кімнің қанша ұтқанын салық органдарының құлағына сыбырлап айтып отыру екен. Сөйтіп, олар мемлекетке орасан зор пайда келтірмекші екен. Бірақ, салық органдары осыған дейін «ай қарап, жұлдыз санап» бекер жатқан ба екен? Басқасын қайдам, дәл осы «ойын бизнесін» олар күндіздің өзінде үлкейткіш шынымен қарап отырған жоқ па еді? Оладың өзінді де оның ұтыстарды электронды тіркеу жүйесі сағат сияқты тықылдап, күндіз‑түні жұмыс жасап жатыр ғой. Міне, осындай «бизнесті» мұрынымыздың астынан енгізіп жібермекші болды ғой олар, со кезде. Тек, олардың ашкөздігі мен жұрттың айқай‑шуы ғана тоқтатып еді оны… Енді, осыны араға уақыт салып, аздап «ұмыттырып» барып, «жұмыртқадан жүн қырыққыш қырқыншылар» қайта қолға алғалы жатса керек.

Сөйтіп, депутаттардың қатысуымен, үкіметтің қолдауымен Туризм және спорт министрлігі ондай қулықтың басына су құйып, түбегейлі тамырын қидық деп еді. Енді іне, «Жаңа Қазақстан» қабылдағалы жатқан «Ойын бизнесіне қатысты заңдарға енгізілетін түзетулерге бір «көзге көрінбейтін періште» тура сол баяғы норманы кіргізіп қойып, өзі үндемей артын бағып отырса керек…

Бірақ, осы жолы олар оған сәл өзгеріс енгізіп, түрлендіріп қойыпты. Бұ жолы олар «жоғарыға сыбырлауға» қосымша, барлық букмекерлік ойын алаңдары мен казиноларды «Жауапты ойын Ережесі» деген атпен өздерінің бақылауында ұстауды көздепті. Бұрынғы «сыбырлақ» қожайынға аналуды мақсат тұтса керек – қашанғы жалтақтап жүрмекші? ОЛ заң жобасының 1‑ бабында 17-3  бөлігінде жазылып тұр.

Ол аз болса, біздің «тақиялы періштеміз» Бақылау орталығына мемлекеттің өзінде жоқ құқыны бергісі келеді екен. Нақтысында, ол орталық бәстің бәрін өзі қабылдап, ұтыстарды да өзі тарқатпақшы екен. Ал, ол туралы мәліметтер тек солардың ғана базасында жатуы тиіс дейді. Бұл заңсыз жолмен табыс табудың алдын алып, жолын кесетін амал деп сендіріпті. Бірақ, олар әр ұтыстан түсетін «комиссияны» қайда жібермек? Ендеше, оларды мемлекет мүддесі емес, жеке қалтасы қызықтырып отырған анық. Не деген аран десеші?!

Оның артында тұрған жасырын «көлеңке» кім?

Бдогерлер айтады, мұның артында Freedom Holding Corp деген компанияның директоры, Ресейден Қазақстанға бизнесін көшірген Тимур Турлов тұр деп… Сөйтіп, ол бұрынғы ресейлік банкир Қазақстанда бұрын өтпей қалған «жекеменшік орталық» идеясын қайта жаңғыртып, өзіне осындай жеке орталық ашып алғысы келетінін осы «түзетулерге» енгізуді жоспарласа керек. Журналистер Министрлікке телефон соққан екен, олар «мұндай нәрсені мүлде білмейтіндіктерін, тіптен ондайды жоспарламағандарын да айтып, сендіріп жатыр. Оған вице‑министр Асқар Жамбакин «Мұндай техникалық құжат бізге түскен жоқ» депті.

Тимур Турлов бұл туралы ештеңе айтпады, әзірге. Бірақ бір блогерлер «Осы Тимур Турловқа қажет пе?» деп жанашырлық танытуда. Өйткені, олардың айтуынша, бұл жоба Freedom Bank қожайынына еш қызықты емес екен. Нақтысына келсек, ондай орталық ашу тек айтуға оңай, ал іс жүзінде ол заң аясында жұмыс істеп жатқан барлық казинолар мен букмекерлік кеңселермен, лотерея ойнатушылармен жұмыс атқаруда талап етеді. Оның үстіне, Турловтың Ресеймен де шаруасы шаш етектен, себебі, ол Ресейден саяси жағдайларға байланысты кетті.  Ал, наурыз айында ресейлік банкілік сақтандыру Агенттігі  Т.Турловты арбитрлік сотқа беріп, одан «активтерді алып кеткеннен орын алған шығын үшін» деп, қомақты көлемде қаржы талап етіпті дейді.

Сонымен, Т.Турловтың мүддесіне сай Қазақстанда бұрынғы іске аспай қалған «Ойын ұтысын бақылау орталығын қайта ашу»  деген сыбыс Қазақстан жағынан ресми түрде де, ресми емес сараптық түрде де теріске шығарылуда.

Бірақ, осындайда бір қисынды сұрақ туады: «Егер ол Турловқа қажет болмаса,  онда заңдағы түзетулерге бұл жоба неліктен енген?» деген.  «Егер Турлов болмаса, ол түзетулер кімнің мақсатын көздеп отыр?» деген. Ал, егер, ол Турлов болса, онда Ресейде «шаруасы шаш етектен» болып жатқан бизнесменге қазақстандық үкіметтің қолдауымен әрі келісуімен көрсетілген мұндай «бизнес құрмет» нені білдіреді? деген…

Бірақ, мұндағы мәселе Турловта емес сияқты…  Мәселе мемлекетке тағы да осындай «жатып ішер бизнес» түрінің тықпалануында болса керек. Сөйтіп, тапа тал түсте «ескі Қазақстан сарбаздары» әлі де өз күшін көрсеткісі келетінінде ме дейміз. Бұл бізді «төтесінен тартпаса да ‑ жанамалай  жасырын келіп, өздерінің бұрынғы тамыр‑таныстарымен әмпей‑жәмпейін қолданып – әбден үйреншікті болған «ел қазынасын теспей соруды» қалпына келтіріп ‑ өздері Дубай курорттарында шалқайып жатып, жұлдыз санамақшы ма деген ойға жетелейді…