Дзюдодан Тбилисидегі Grand Slam турнирі: Қазақстан үздік ондыққа енді
Дзюдодан Қазақстан құрамасы Тбилисиде өткен әлемдік Grand Slam жарысын 1 алтын, 1 қола жүлдемен аяқтады.
Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, соның нәтижесінде құрама жалпы медаль кестесінде 83 елдің ішінде 7-орынға тұрақтады.
Жарыстың алғашқы күнінде қазақстандық Нұрқанат Серікбаев (60 кг) финалда Израиль спортшысы Ям Уолцакты ұтып, чемпион атанса, әйелдер арасында Ғалия Тынбаева 48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлде еншіледі. Жұбаныш финалында ол испаниялық Мирея Лапуерта Комосты жеңген болатын.
Турнирдің соңғы күнінде қола жүлде үшін белдескен қос қазақстандық балуан 5-орынға жайғасты. 100 келіге дейінгі салмақта Ислам Бозбаев ширек финалға дейін жетіп, қола жүлде үшін белдесуде аустриялық қарсыласына есе жіберді.
Ал 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қазақстандық Ерасыл Қажыбаев өз тобынан үздік шығып, жартылай финалға дейін жетті. Жартылай финалда тәжірибелі грузиялық балуан, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Гурам Тушашвилиге жол берді. Қола жүлде үшін бәсекеде отандасымызды тағы бір грузиялық спортшы Саба Инанейшвили тоқтатты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нұрқанат Серікбаевтың Grand Slam жарысының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.