Грекиядан ойсырай ұтылу: ұлттық құраманың бас бапкері отставкаға кете ме?

0

Футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев Грекия құрамасынан жеңілгеннен кейін (0:5) отставкаға кету мәселесін қозғады. Бұл туралы Kznews.kz-ке  хабарлайды.

Оның айтуынша, ұлттық құраманың ойыншыларын жасарту керек.

«Үлкен турнирлерге шығамыз десек, жылдамдық, динамика керек. Футболдағы қазіргі буын тәкаппар, олар ешнәрседен тайсалмайды. Бұл ойында бізде ауызбіршілік жетіспегені көрінді. Чесноков, Самородов, Оразов, Астанов – ертеңгі күннің емес, қазіргі уақыттың ойыншылары. Іздерінен еріп Садыбеков те келе жатқанын айта кеткен жөн.

Жігіттерге де бұл цикл жабылғаны туралы айттым. Олар үлкен ауыр жолдан өтті. Осыған дейін де айтқанымдай, Еуропа чемпионатына дейін ешқайда кетпеймін. Өз сөзімде тұрдым деп ойлаймын. Осыдан кейін отырып, ойлануым керек, бұл жұмысты ары қарай жалғастыруға дайынмын ба, федерация келесі циклге дайын ба? Әділет Назарбайұлы Барменқұловпен сөйлеспейінше, ешқандай шешім қабылдамаймын. Себебі, ол кісі мен үшін көп нәрсе жасады, мені құраманың бас бапкері етіп тағайындағаннан кейін өзіне қатысты ешбір сын-пікірге назар аудармады. Менің тарапыма қаншама қоқан-лоққылар айтылды. Бірақ ол маған қорған бола білді.

Әрине, бұл ауыр әңгіме болары анық. Менің өз қарасым бар. 26 күні өтетін ойында лайықты өнер көрсетуіміз керек. Бұл кездесудің еш маңызы жоқ, бірақ біздің абыройымыз тұр. Тыңғылықты дайын күйде шығуға тырысамыз», — деді Магомед Адиев.

Айта кетейік, өткен түнде Қазақстан ұлттық құрамасы Афинада Грекиядан 0:5 есебімен ойсырай ұтылды.