Қазақстан ұлттық құрамасы Грекиядан ірі есеппен жеңіліп қалды
Қазақстан ұлттық құрамасы Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грекия командасынан ірі есеппен жеңіліп қалды. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
21 наурызда Қазақстан және Грекия құрамалары Ұлттар лигасының жартылай финалында кездесті. Матч 5:0 есебімен Грекия командасының жеңісімен аяқталды.
Қазақстан құрамасында алғашқы минутта Шацкий, Вороговский, Ерланов, Марочкин, Быстров, Қайыров, Астанов, Зайнутдинов, Бейсебеков, Чесноков, Самородов ойнады.
Грекия командасынан бірінші кезеңде Анастасиос Бакасетас 9-минутта пенальтиді мүлтіксіз орындап, алғашқы есепті ашты.
Одан кейін қазақстандық футболшылардың әлсіздігін пайдаланған Димитриос Пелькас 15, Фотис Иоаннидис 37, Димитриос Курбелис 40-минутта қатарынан үш гол соғып кетті. Ойынның 87-минутында Еркін Тапалов Қазақстан қақпасына гол соғып алды.
Осылайша футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына шығу мүмкіндігінен айырылды. Ал Грекия командасы 26 наурызда Грузия құрамасымен Еуро-2024 турниріне жолдаманы сарапқа салады.