СҚО-да мектептің екі оқушысы 68 жастағы азаматты өрттен аман алып қалды
Солтүстік Қазақстан облысы Шағалалы елді мекенінде көппәтерлі тұрғын үй өртеніп, бір адам күйік алды.
СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Аққайың ауданы Шағалалы елді мекеніндегі екі қабатты тұрғын үйден өрт шыққандығы туралы хабар 21 наурыз сағат 13.47 минут кеткенде келген. Елді мекен мен жақын маңдағы өрт сөндіру бекетінің арасы 55 км. Мамандар келгенше өртті «СКОС» ЖШС ерікті өрт сөндіру құрылымы сөндірді.
Ал осы ауылдағы орта мектептің екі оқушысы – 16 жастағы Константин Антропов пен 15 жастағы Станислав Петерс пәтер иесін құтқарды.
Денесінің 20 % күйіп, иіс тиіп уланған 68 жастағы ер адам ауруханаға жатқызылды. Жағдайы орташа.
Алдын ала болжам бойынша, өрт пешті дұрыс қолданбаудан шыққан.