Ерлан Қошанов: Герб мәселесінің талқыға түсуі – қоғамдағы пікір алуандығының көрінісі
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда көтерген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдалым өткізілмек. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында палата спикері Ерлан Қошанов айтты.
«Археология, мемлекеттік рәміздер мен мемлекеттік наградалар саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы күтіп тұр. Мәселен, кейінгі күндері қоғам қызу талқылап жатқан Герб мәселесі өзекті болып отыр. Шынтуайтында, аталған мәселенің талқыға түсуі – қоғамдағы пікір алуандығының көрінісі. Қолданыстағы Гербтің бейнесіне байланысты жастар, қоғам белсенділері тарапынан көтерілген ұсынысқа Президентіміз құрылтайда өз пікірін білдіріп, ортақ, байыпты шешімге келуге шақырды. Мемлекет басшысы осылайша Герб мәселесін ашық талқылауға шығарып отыр», — деді Ерлан Қошанов.
Осы орайда палата спикері жалпы жұртшылықпен бірге, мемлекеттік символиканы зерттеп жүрген геральдика саласының кәсіпқой мамандарының ұсыныстары жете талқылануы қажеттігін баса айтты.
«Біздің Герб – сан ғасырлық тарихымызды таңбалайтын, мемлекетіміздің айбынын асыратын, халқымыздың асқақ рухын айшықтайтын негізгі символ болуы керек. Ең бастысы, еліміздің болашаққа ұмтылысын бейнелейтін бірегей атрибутикасына айналуы тиіс. Бұл, әрине, қоғам мен арнаулы комиссияның құзыретіндегі мәселе. Президент белгілеп берген бағыт-бағдар бәріңізге түсінікті деп ойлаймын. Сондықтан Ұлттық құрылтайда көтерілген маңызды мәселелер жөнінде Парламенттік тыңдалым өткізуіміз қажет деп санаймын. Себебі келелі жиында айтылған нақты ұсыныстарды орындау бойынша мақсатміндеттерімізді бірге айқындауымыз керек», — деді Ерлан Қошанов.