«Қарапайым азаматтардың құқығын қорғау үшін жасалып отыр»: Абзал Құспан қылмыстық заңнамаға енетін өзгерістерге тоқталды
“Бұл – қазіргі парламентте қаралып жатқан ең үлкен әрі ең ауқымды заң жобасы”. Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қолданыстағы Қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстерін жетілдіру туралы заң жобаларын толығымен ревизия жасау мәселесі жайлы осылай дейді. Оның сөзінше, алғаш рет үш кодекске енгізілетін өзгерістер бір заң жобасымен еніп отыр. Kznews.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында заңгер заң жобасының маңызды тұстарын атап өтіп, қандай өзгерістер болатынын, сондай-ақ оның азаматтардың құқығына қалай әсер ететінін айтты.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасы былтыр ұсынылған. Ал ертең яғни, 13 наурызда заң жобасын парламент мәжілісінің жалпы отырысының қарауына бірінші оқылымда шығарады.
— Бұл заң жобасы былтыр ұсынылғаны белгілі. Қазіргі уақытта 196 түзету үкіметтің қарауында жатқаны айтылады. Қандай түзетулер қабылданбады, солар жайлы айтсаңыз. Жалпы заң жобасын түсіндіріп берсеңіз.
— Алғаш рет үш кодекс яғни, Қылмыстық, қылмыстық-процестік және қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгертулер мен толықтырулар бір заң жобасымен кіріп отыр. Бұған дейін мысалы, 2014 жылы біз жаңа қылмыстық-процестік кодекс қабылдаған кезде әрқайсысы мәжіліске бөлек-бөлек кірген болатын. Екіншіден, мәжілісте әрқайсысы бойынша бөлек-бөлек жұмыс топтары құрылған еді. Оның ең үлкен кемшілігі – мысалы үшін, қылмыстық кодексте бір шешім қабылданады, ал қылмыстық-процестік кодексте ол бойынша мүлдем басқа мәселе қаралып жатады да өзара байланыс болмай қалады. Сол себепті қазіргі таңда ең басты өзгешелік үш кодекстің бір заң жобасымен кіргендігі. Әрине ол біз үшін үлкен салмақ болады. Өте ауқымды жұмыс деп отырған себебім де сол.
Ал екінші бір өзгешелік бұл заң жобасы алғаш рет әділет министрлігіне жүктеліп отыр. Бұрын бұл жұмыспен тек құқық қорғау органдары, оның ішінде прокуратура айналысатын болса, қазіргі таңда мұнымен қылмыстық құқық саласындағы саясатты қалыптастыру міндеті әділет органдарына жүктелді. Бұл да болса заң жобасының белгілі бір құқық қорғау органдарының мүддесіне емес керісінше азаматтардың мүддесіне бағытталғандығын көрсетеді. Сонымен қоса бұл президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес.
— Заң жобасында қылмыстық жауаптылықты белгілеуге, жаза тағайындауға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейтіні айтылады. Осы ретте қоғамдық қатынастарды қалай реттейді және қандай қоғамдық қатынастар жайлы сөз болып отыр?
— Қылмыстық заңнамаға қатысты көптеген азаматта мынадай бір түсінік бар және ол әрине дұрыс түсінік. Көпшілігі “мен ешқандай қылмыскер емеспін, қылмыс жасайтын ешқандай жоспарым жоқ, тиісінше мұның маған қатысы қандай?” деп ойлайды. Бірақ жекелеген адамға қатысы болмағанымен оның ағайынына, тума-туыстарына әрі достарына қатысты болып қалуы мүмкін. Кейде кейбір азаматтар қылмысқа ешқандай қатысы болмаса да негізсіз қылмыстық іске тартылып жататын жағдайлар болып тұрады. Оның үстіне кейде өмір шыр айналуы мүмкін. Бұл шын мәнінде жалпы халықтық мәнге ие заң жобасы.
Қазақ “қате деген аяқ астында” дейді. Сондықтан қылмыстық заңнама адам баласы жаратылғалы бері және қиямет қайымға дейін созылатын үлкен қоғамдық қатынаста болады. Өйткені қылмыс азаюы мүмкін және бәсеңдеуі мүмкін, алайда ол ешқашан өздігінен жойылып кетпейді. Сол себепті де бұл заң жобасын бізге қатысы жоқ деп есептеуге болмайды.
Бір сөзбен айтқанда, қылмыстық кодекс дегеніміз материалдық заң ретінде нені жасауға болады немесе болмайды, жасаған жағдайда қандай жауапкершілік бар екендігін бекітеді. Қылмыстық-процестік кодекс осы тергеу жұмыстары қалай басталуы керек, прокуратураның міндеті қандай, қорғау тарапының қандай құқықтары бар, сот процесі қалай жүруі керек деген мәселелерді қарастырады. Ал қылмыстық атқару кодексі осы материалдық заңға сәйкес яғни қылмыстық кодекске сәйкес тағайындалған жазаның атқарылу тәртібін реттейді. Сондықтан бұл толығымен қылмыстық іске қатысты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнама деп айтуға болады. Бұрыңғыдай бөлек-бөлек емес, басынан аяғына дейін толығымен үш кодексті қамтитын маңызды заң жобасы.
— Бұл заң жобасының қабылданған соң азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесіне қандай оң шешім әкеледі?
— Жоғарыда атап өткенімдей, президент 2022 жылы алғаш рет әділет органдарына жүктеген кезде қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жөнінде тапсырма берді. Баса айта кетерлігі, сол кезде ең басты акцентті азаматтардың құқығын қорғауға қойды. Сонымен қатар 2023 жылы наурызда президент екі палатаның бірлескен отырысында сессияның ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде басымдықты адвокатураның рөлін күшейтуге бересіңдер деп нақты тапсырма берген.
Бұл жерде адвокаттарға басымдық беру, яғни қорғау тарапы мен айыптау тарапын теңестіру деген сөз. Ол адвокаттар үшін жасалып жатқан өзгеріс емес, бұл сол заңгерлер қорғайтын қарапайым азаматтардың құқығын қорғау үшін жасалып отыр. Қазіргі таңда адвокаттарға қатысты әділет органы дайындаған заң жобасында да көптеген бұрын-соңды берілмеген басымдықтар бар. Сонымен қатар жұмыс тобының аясында депутаттар адвокаттарға қатысты көп өзгерістер ұсынып жатыр. Ал бұл ұсыныстар қазір қаралу сатысында.
— Заң жобасында сотқа жеткен істі прокурорға «қайта тергеу» үшін қайтару мүмкіндігі болмайтыны айтылады. Демек сот іс қалай қаралды, солай шешім шығарады деген сөз. Бұдан қандай өзгеріс болады?
— Прокуратура арқылы құқық қорғау органдарының қылмыстық істің кем-кетігін жамап-жасқауға тура мағынасында судьяларға мүмкіндік берілмеу керек. Оны толығымен барлығы қолдауы тиіс. Сот келген істің аясында, жинақталған материалдар, қылмыстық істің төңірегінде жиналған дәлелдемелері адамды кінәлі деп тануға жеткілікті ме, жоқ па деген сұраққа ғана жауап беруі керек. Соттау керек яки ақтау керек.
Өкінішке қарай, бізде судьялар құқық қорғау органдарына көмектесіп, қазіргі таңдағы қолданыстағы заңға сәйкес прокурордың өтініші бойынша қосымша тексеруге қайтарады. Сосын тергеу орындары судьяның кемшіліктеріне байланысты өздері қосымша мүмкіндік алып, қайтадан сотқа жолдап жатады. Ал осы уақыттың аралығында көп жағдайда ол азамат қамауда отыруы мүмкін. Яғни оның конституциялық құқықтары аяқ-асты болады. Сондықтан осындай заңдағы келеңсіздікті жою күн тәртібінде тұрған мәселе. Әзірге бұл мәселе бойынша нақты шешім қабылданған жоқ, бірақ жұмыс топтарында қаралып жатыр.
— Сонымен қоса заң жобасындағы маңызды бөлімдердің бірі — «адвокаттар сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпей, қылмыстық қудалау органдарының қорғалушыға қатысты жариялауын теріске шығаруды БАҚ құралдарына» жария ете алады. Бұған дейін елімізде сот шешіміне әсер етеді және тергеуге кедерді келтіреді деп журналистерге айтуға тыйым салынатын. Демек бұл өзгеріс ашықтықты қамтамасыз етеді ғой?
— Әлбетте, бұл ашықтықты қамтамасыз ету. Көптеген қылмыстық іс тергеу сатысында тергеліп, қоғамның назарынан тыс өтіп жатады, бірақ жекелеген қылмыстық істер қоғамдық резонансқа ие болады. Мұндай жағдайда қылмыстық-процестік кодекстегі 201-бап (Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу – ред.) адвокаттарға қолбайлау болып отыр. Яғни оған сәйкес адвокаттар қандай да болмасын деректі жариялайын десе, прокурормен келісуі керек. Прокурор оның ресми оппоненті. Ал осы екі ортада, әсіресе, лауазым иелеріне қатысты пара алу, талан-таражға салу сияқты баптармен қылмыстық іспен ол адам қамауға алынған кезде тергеу орындарының бәрі сүйіншілеп жариялайды. Оны бұқаралық ақпарат құралдары таратады. Адвокаттар шығып оның олай қылмыс жасағандығы күмәнді деп керісінше деректер айтайын десе 201-бап кедергі келтіреді.
Жалпы өз басым бұл бапты сонау кеңес жүйесінен қалған келеңсіз тәжірибе деп есептеймін. Бұған талай мысал да келтіргенмін, 2020 жылы пандемия кезінде Америкада қара нәсілді азаматты ақ нәсілді полиция қызметкері ұстап, оның қолын кісендеймін деп үстінен басып отырған кезінде ол азамат өліп кетеді (Миннеаполисте тұтқындау кезінде көз жұмған Джордж Флойд – ред.). Осы оқиға әлем бойынша өте қатты талқыланды. Арты үлкен дау-дамайға ұласты, қара нәсілді азаматтар жаппай шеруге шықты. Осы тұста айтайын дегенім, істі тергеген ФБР бірінші минутынан бастап бүкіл тергеу барысында анықтаған мән-жайларын халықпен бөлісіп отырды. Одан ешкім зардап шеккен жоқ, керісінше халықтың сенімін ұялатты. Ал егер осы істі біздің елдегідей “тергеу құпиясы” деген желеумен жауып тастайтын болса, онда ол неше түрлі манипуляцияға ұшыраған болар еді. Сондықтан бұл норманы қарастыру шынында заман талабы.
— Тағы бір маңызды өзгеріс — «алқабилер сотының классикалық үлгісіне көшу, онда шешімді кеңесу бөлмесінде судьяның қатысуынсыз 11 алқаби қабылдайды» делінген. Қазір бізде 10 алқабилер қатысады және түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Бұдан қандай өзгеріс болады деп ойлайсыз?
— Алқабилерге қатысты көптеген өзгеріс әділет министрлігі дайындаған заң жобасында бар, сондай-ақ аграрлық партияның депутаты Николай Арсютин өте көп түзетулер беріп отыр. Осының ішіндегі ең бастысы – кеңесу бөлмесі деген бар. Яғни қылмыстық іс алқабилердің қатысымен қаралады, қаралып аяқталған соң алқабилер кеңесу бөлмесінде қалады. Сол кезде классикалық модельден бөлек тағы бір үлкен өзгеріс жұмыс тобында талқыға түсіп жатыр. Ол – кәсіби судья. Депутаттар істі қарап отырған судья алқабилермен бір бөлмеде қалмауы керек деген норманы енгізіп отыр. Өйткені ол қалған жағдайда заңгерлік білімі жоқ алқабилердің шешім қабылдауына әсер етуі мүмкін. Егер осы норма қабылданған жағдайда бұл да бір азаматтардың құқығын қорғауға басымдық берген болар еді. Судья өзінің кабинетінде отыруы керек, алқабилер судьясыз шешім қабылдап, сол хаттаманы кәсіби судьяға табыс етіп, сол бойынша кәсіби судья шешім шығаруы керек. Концептуалды түрде осы норма қазір қарастырылып жатқан жайы бар. Дегенмен мемлекеттік органдармен, адвокаттар арасында және депуттармен арасында үлкен талас тудырып жатыр.