Салтанат Нүкенованың ағасы Бишімбаев түсіріп алған “порнографиялық” видео туралы айтты
Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Айталы Бишімбаев түсіріп алған видеоға қатысты айтып берді. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот отырысынан кейін Айтбек Айталы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды. Ол бұл ақпараттардың көпшілікке тарағанын қаламағанын жеткізді.
«Салтанат неге Бишімбаевтан кетіп қалмаған. Неге қазан айында кетіп қалып, қайтадан қосылған деген сұрақтар көп болды. Бұл да мен үшін белгісіз нәрсе еді. Мұны мен тек Салтанаттың өлімінен кейін ғана білдім. Бишімбаев түсіріп алған видео туралы белгілі болды. Біз бұл туралы айтқымыз келмеген. Осы және өзге де ақпараттың жарияланбағанын қалап едік. Өйткені бұл жақын адамдар үшін өте ауыр. Мен біреуді қаралаумен емес, бірінші кезекте отбасыманың тыныштығы үшін күрестім”, – дейді Айтбек Айталы.
Еске салайық, мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанованың сөзінше, экс-министр Бишімбаев Салтанат Нүкеноваға порнографиялық видеоларды көрсетіп, “видеодағы сен емес пе?” деп сұрап, қысым көрсеткен. Бұдан бөлек Салтанаттың өзін кетіп қалса қорқыту үшін порнографиялық видеоға түсіріп алған.
Прокурор сотталушының Салтанаттың артынан қалмай, оның көңілін өзіне аударып, соңында үйленгенін айтты. Алайда дүркіретіп той жасағанымен, ерлі-зайыпты заңды некеге тұрмаған. Тергеу мәліметіне сәйкес, Бишімбаев азаматтық некедегі әйелін ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсеткен.