Жамбыл облысында қаңғыған иттер мүмкіндігі шектеулі қыз бен оқушыға шабуылдаған

0

Жамбыл облысында қаңғыған иттер 20 жастағы мүмкіндігі шектеулі қыз бен оқушыны талап тастаған. Бұл туралы Kznews.kz ақпарат агенттігі Ктк арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Айша бибі ауылы маңынан өтіп бара жатқан жолаушылар 20 жастағы мүмкіндігі шектеулі қызды иттер талап жатқанын көріп, көмекке барған. Қыз бір топ иттен жанұшыра қашқан.

Кейін кешкі уақытта қала маңындағы Барысхан алқабында қаңғыған иттер мектеп оқушысына да шабуыл жасаған. Жеткіншекті көршілері құтқарып қалған. Зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйіне жіберілді.

Облыстық ветеринария басқармасы осыған байланысты иттер шабуылдаған екі аймаққа да арнайы бригада жіберіліп, жүзге жуық иттің көзі жойылғанын хабарлады. Биыл жедел желіге мамандардан көмек сұраған мыңға жуық қоңырау түскен. Облыста биыл екі жарым мыңнан астам иесіз ит ауланған.

“Тек қаңғыбас ит қана емес, жер үйдегілердің де иті шабуылдайды. Егесі бар иттер көбіне байланбайды. Қалай болса солай жүрген иттердің саны көбейген. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, зардап шеккен адамдардың жартысынан көбісін иесі бар ит талаған”, – деді Жамбыл облысы ветеринария станциясы директорының міндетін атқарушы Ғабит Кебеев.