Жер сілкінісінен кейін Алматыда такси бағасы күрт көтерілді

0

Алматылықтар жер сілкінісінен кейін такси бағасы шарықтағанын айтты. Оңтүстік астана тұрғындары такси тарифі кемінде екі есеге артқанын атап өтті, деп хабарлайды Kznews.kz KAZ.NUR.KZ. тілшісінің ақпараты бойынша, 2GIS қосымшасында Алматыдағы кептелістер деңгейі тоғыз балға бағаланған. Бірақ жер сілкінісінен соң оңтүстік астанада көлік кептелісі туындап қана қоймай, такси қызметінің де бағасы күрт қымбаттаған. 

«Такси бағасы шарықтай түсті. Енді Тимирязев пен Розыбакиев көшелерінің қиылысынан әуежайға жету үшін 7,5 мың теңге төлеу керек. Шұғыла шағын ауданына жеткізу бағасы шамамен 4500 теңге. Кеше ғана 1800 теңгеге жеткен едім», — деді Алматы тұрғыны Виктория. GPS-картадағы такси бағытының бағасы. Скриншот: NUR.KZ оқырманынан

Сондай-ақ алматылықтар кәдімгі бағыттар бойынша кейбір такси қызметтері де үш есеге қымбаттап кеткенін айтты.

Еске салайық, 4 наурызда сағат 11:22 де Алматыда қатты жер сілкінді. Қалада сирена қосылған болатын. Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағындағы Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 31 шақырым жерде тіркелген. Жер сілкінісінің магнитудасы – 6,1. Тереңдігі – 10 км. Қалада 5 балдық жер сілкінісі сезілді. Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті сағат 11:22-де сирена-дыбыстық сигнал дереу іске қосылып, радиоарналар мен телеарналардан хабар таратылғанын мәлімдеді. Кейін ТЖМ Алматыдағы жер сілкінісіне қатысты ақпарат жариялаған болатын. Ведомство ақпары бойынша, Алматыда жер сілкінісі 5 балл болып сезілген. Жер сілкініп, сирена қосылғаннан кейін алматылықтар жаппай далаға шығып жатқаны хабарланған еді. Бұл ретте Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев жер сілкінісіне байланысты мәлімдеме жасап, халықты дүрлікпеуге шақырып, бірінші сілкіністен кейін не істеу керек екенін айтты. Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері зардап шеккендер туралы ақпарат келіп түспегенін хабарлады.

Жер сілкінісі салдарынан тіпті мектептер мен колледждерде екінші ауысымдағы сабақ тоқтатылған болатын әрі 4 наурызда ЖОО-ларда сабақ болмайтыны хабарланды. Онымен қоймай Алматыдағы 5 балдық жер сілкінісінен кейін қалалық мектептердің бірінде қабырғадағы сылақ опырылып түскен.


Тегтер:такси