«Анамды Болат Назарбаевтан қызғандым»: Мадина Ералиеваның ұлы анасының өлімі жайлы шындықты айтты

0

Қазақтың Ақбаяны атанып кеткен ерекше дауыс иесі, әнші Мадина Ералиева тірі болғанда биыл 70 жасқа толар еді. Өкінішке қарай, көлік апатына ұшырап, мезгілсіз дүниеден озды. Осы орайда әншінің жалғыз ұлы Арсен Ералы Stan.kz ютуб арнасына сұхбат беріп, анасы жайлы естеліктермен бөлісті. Бұл туралы Ernur.kz басылымы жазды.

— Арсен, сіз танымал адамның ұлы болдыңыз, балалық шағыңыз қалай өтті, әңгімені осыдан бастасақ. — Балалық шағым өте қызық өтті. Анаммен бірге жүрдім, әнсапарда жанында болдым. Қазақстанның түкпір-түкпірін араладық. Шет елдерге де бірге шықтық. Анам күніне ауыл-ауылды аралап екі-үш концерт қоя беретін. Шаршау дегенді білмеді. Үйде де сондай адам болды. Еңбекқор, талапшыл еді. Біздің жай, қол қусырып қарап отырғанымызды жақтырмайтын. Есіктен кіріп келгенде тыпырлап, бірдеңе істеп жатушы едік. Тазалықты сүйетін, кішкентайымнан жауапкершілікті мойныма алуды үйретті. Үйдің еркегі де, әйелі де өзі болды. Әкем екеуі мен кішкентай кезде айырылысып кеткен. Одан кейін анам маған әкенің жоқтығын білдірмей, барын беріп өсірді.

— Анаңыз аз ғұмыр сүрсе де, өнерге өз жолын салып, ізін қалдырып кетті. Әріптестерінен кімдермен дос болды?

— Анам өнерден дос таппады. Шынайы досы, сырлас-құрбысы болды деп айта алмаймын. Бірақ араласып тұратын адамдары өте көп болатын. Қалдыбек Құрманәлімен, Мақпал Жүнісовамен, Нағима Есқалиева, Майра Ілиясова, Жеңіс Ысқақовалармен жақын араласты. Ал, былайша, өнерге қатысы жоқ достары көп болатын.

— 2000 жылдың қарашасында анаңыздан айырылдыңыз. Сол бір сәтті еске алайықшы.

  — Иә, қарашада анам жол апатына түсіп, өмірден өтті. Қайғылы хабарды маған Нағима Есқалиева естіртті. Кешкі уақыт еді, үйге телефон шалды, орысшалап «Мен Нағима апаңмын. Сенімен кездесуім керек, айтатын әңгімем бар. Қазір сенің үйіңе барамын» деп айтты. Мен таңғалдым, былайша өмірі звондамайтын адам еді. Біртүрлі боп тұрып қалдым. Сөйтіп далаға шықтым, ол кісі «Мерседесімен» келді. Жанында үлкен кісілер бар. Болған жағдайды айтып берді. Мен сенбедім… Бәріне белгілі жағдай ғой, апат болған көлікте Болат Назарбаев та отырған. Кейін ол кісі де телефон соғып, «Да, это правда» деп жағдайды баяндап берді. Байқоңырдағы мәйітханада жүрген екен. «Арсен, осындай болды, анаңнан айырылдық. Енді соны медициналық сараптама тағайындап, мәйітті союға рұқсат бересің бе?» деп сұрады. Мен небәрі 19 жастағы баламын ғой, «білмеймін» дедім. Сосын тәтем келді, жылап-еңіреп. Мең-зең боп отырып қалдым. Үйдің іші азан-қазан болды. Шынымды айтсам, анамның қайтыс болғалы бері жыламадым. Шерім ішімде бұғып қалған сияқты, көзімнен жас шықпайды. Әлі күнге дейін келіп қалатын сияқты, күтемін, елеңдеймін. Кеңсайдағы зиратының басына барып құран бағыштаймын. Сондай сәтте тып-тыныш боп тұрған жерден аяқасты жел тұрады. Мен оны кәдімгідей сезем, сөйтіп анаммен тілдесем, сырласам. Өмірлің ситуацияларда да солай, қандай да бір қиындық, проблема шықса, соның шешімін табуға анам көмектеседі. Ол кәдімгідей білінеді.

— Болат Назарбаев пен сіздің анаңыздың қарым-қатынасы жайлы айтып беріңізші.

— Олар 1996-1997 жылдардан бастап ресми түрде ерлі-зайыпты болып, өмірінің соңына дейін бірге тұрды. Әрине, басында менде қызғаныш болды. Баласы ретінде анамның басқа адаммен бас қосқанын қабылдай алмай жүрдім. 14-15 жастағы, жасөспірім баламын. Бірақ ол өте жақсы, қарапайым кісі болған. Анамның таңдауы ғой, кейін оған ешқандай қарсылық білдірмедім. Араларында келіспеушілік болмады демеймін, болды. Есімде қалғанын айтайын. Анам өте ырымшыл адам еді. Мысалы, үйден шықты ма, қайтып келмейтін. Қайтып келсе, айнаға қарайтын. Бір күні үшеуміз Біріккен Араб әмірліктеріне жолға шықтық. Болат аға билетті, бәрін алып қойған. Үшеуміз машинаға мініп, әуежайға келе жатқанда жолда бір проблема шықты. Машинамызды полицейлер тоқатты-ау деймін. Сонда мамам «Болды, бармаймыз, артқа қайтайық» деді. Болат аға таңғалып, «не боп қалды» деді. Мамам «Мыналар бізді бөгеп тұр, жолда бірдеңе боп қалуы мүмкін қазір» деп көнбеді. Бірақ Болат аға айтқанынан қайтпай, бәріміз әуежайға барып едік, кеден қызметкерлері өткізбей тұрып алды. Бай кісі еді ғой, ірі көлемде ақша алып шыққан ба, бірдеңе болды. Сол кезде екеуі қатты ұрысты. Сол есімде қалыпты. Арада үш күндей уақыт өткенде Болат аға «біз мінбек болған ұшақтың бір қозғалтқышы істен шығып, апатты жағдайда қоныпты» деп айтты.

— Қайтыс боларын да алдын-ала сезген шығар?

— Иә, бір жыл алдын «Түс көрдім, түсімде Арыстан баб әулие мені шақырды, құран бағышта деп айтты» деп сұхбаттарында айта бастады. Архивтерде сақталған. Сосын, анамның бұрын Құран аяттарын оқып отырғанын көрмегем. Соңғы бір жылда сүрелерді жаттап, үйде құран оқитынын көрдім. Кейде той, концерттен келгесін түнгі 2-ге дейін дұғаларын оқып, шырағын жағып отыратын. Сезіп жүрді деп ойлаймын.

— Мадина ханымның қазасына Болат Назарбаевтың қатысы болуы мүмкін деген де әңгіме айтылды. Бұған не дейсіз?

— Бәрі сөйтіп ойлады. Маған да біраз адам солай деп телефон соқты. Бірақ мен апат болған машинаны көрдім. Ішінде Болат ағадан бөлек менің жездем де болған. Ол кісі артында, Болат аға анамның жанында, ал анам рөлде отырған. Екеуі де ұйықтап қалған екен, «АБС-тің дыбысынан ояндық» деп болған жағдайды айтып берді. 27-қараша күні Байқоңыр мен Қазалының ортасындағы жолдың бір жері құрғақ, енді бір жері мұзды болған көрінеді. Сондай кездерде анам жылдамдықты асыра айдаған. Майлыбас деген үнемі апат болатын жер бар екен, соның тұсында төрт рет аударылған. Аударылған кезде анам көліктің терезесінен шығып кеткен. Болат Назарбаевтың қолы сынған, беті сырылған. Ал артындағы жездеме ештеңе болмаған. Енді, анам көлік айдауды өте жақсы көретін. Рөлге отырғанда рахаттанатын. Сол күні бір өкініштісі, қауіпсіздік белдігін тақпапты. Соны таққанда аман қалар ма еді деп ойлаймын. Терезеден шығып кеткені себеп боп тұр ғой…

— Әкеңіз Болат Атабаев та өмірден өтті… Ол кісімен араластыңыз ба?

— Иә, 22-23 жасымнан бастап әкеммен араластым. Себебі оған дейін біздің араласуымызға анам қарсы болды. Бәлкім ішінде бір өкпе-реніш болған шығар. Оны мен есейе келе түсіндім. Сөйтіп әкеммен табысып, бір-екі жыл бірге тұрдық, немерелерін көрді. Бірақ кейін Германияға көшіп кетті. Артынан барып тұрдым. 2021-жылдың наурызында Германиядан келді, тамыз айында өмірден өтті. Ол кісінің өмірі бәріне белгілі ғой. Жарақаттанды, қант диабетімен ауырды, одан бір аяғын кестірді. Арбаға таңылып қалды. Содан кейін елге келіп, диализін алып дегендей, өмірден өтерін сезген соң елге келді ғой, «ағайынның ортасында болайын» деп. — Әкеңізбен соңғы әңгіме қалай болды? — Соңғы кездесуіміз «Алма-Арасанда» болды, немерелерін ертіп апардым, тауда бірге отырдық. Қуанып қалды. Тағы да кездесеміз деп қоштасқанбыз. Қайтыс болардан үш күн бұрын уатсаппен сөйлестік. Жақсы боп отырған, «бұйыртса бір-екі күнде кезедсейік» деп айттым. Ол кісі де келісіп, кездесу уақытын белгілеп қойғанбыз. Бірақ үш күннен соң Дана тәтем хабарласып, «Әкеңнен айырылып қалдық» деп жылады.

— Әкеңіз белгілі режиссер, анаңыз әнші. Өзіңіз кім болуды армандадыңыз?

— Кішкентай күнімде әнші болғым келген. Анама еліктедім. Бірақ ол кісі «әншілікке жолама, ер адамның шаруасы емес» деп айтып отырды. Ол кезде әншілерге мемлекеттен қолдау болмаған. «Кәсіпкерлікті немесе ғылымды таңда» деп кеңес берді. Өнерге келуіме қарсы болды. Ал әкеммен бертін келе, 21-22 жасқа келгенде араласа бастадым. Ол кезде мен институтты бітіріп, жұмысқа тұрып қойғам. Ақыл сұрауға уақыт кеш болды.

— Осы жерде тегіңіз неге Атабаев емес деген сұрақ туындайды. Қазақта адамның тегі әкесінікімен бірдей болады ғой.

— Иә, кішкентай кезімде анам енді менің рұқсатымды сұрамай, өзі ауыстырып тастаған ғой. Оныншы сыныпқа дейін Атабаев болғам. Одан кейін куәлік алатын кезде анам Ералиев деп ауыстырып тастады. Кейін Ералиевты Ералы деп ауыстырды. Соған үйреніп кеттім енді, балаларым да Ералы боп жазылды.

фото: smartnews.kz